Мәдениет

Экс-депутат «Музарт» тобына ескерткіш орнату туралы бастама көтерді

Журналист, Мәжілістің VIII шақырылымының бұрынғы депутаты Мақсат Толықбай «Музарт» тобының құрметіне ескерткіш пен аллея салу туралы ұсынысын айтты, деп жазады Alash.kz

Оның айтуынша, 2000 жылдары көптеген қазақ жастары Ресей мен Батыс мәдениетіне еліктей бастаған кезеңде «Музарт» тобы ұлттық өнерді дәріптеп, жастардың қазақы құндылықтарға бет бұруына ықпал еткен.

«Сол кезде ұлттық рухты қайта оятқан “Музарт” тобы шықты. Олар көптеген жастың бетін бері бұрып, ұлттық құндылықтарға қайта оралуына себеп болды. Кейін олардың жолын жалғаған бірнеше топ пайда болды. Шын мәнінде, “Музарт” қазақ эстрадасына революция жасаған ұжым», – деді Мақсат Толықбай.

Ол «Музарттың» қазақ мәдениетіндегі еңбегі тарихи маңызға ие болғанымен, көпшілік бұл еңбекті жиі ескере бермейтінін айтты.

Сондықтан кәсіпкерлерге топтың құрметіне арнайы аллея ашуды ұсынып жүргенін жеткізді. Сондай-ақ Сәкен Майғазиевтің інісі Мақат есімді азаматпен осы мәселені талқылағанын айтып, оның болашақта салынатын тұрғын үй кешеніне «Музарт» атауын беру ниеті бар екенін жеткізді.

Мақсат Толықбайдың пікірінше, Көктөбедегі әлемге әйгілі жұлдыздардың «Даңқ аллеясы» секілді, қазақ жастарының дүниетанымына әсер еткен «Музарт» тобының да мүсіні мен естелік орны болуы тиіс.

Ол қазіргі уақытта осы бастаманы жүзеге асыру бағытында жұмыстар жүргізіліп жатқанын да атап өтті.

Жиынға қатысушылар бұрынғы депутаттың ұсынысын қолдап, оң бағасын берген.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button