
«Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының ұйымдастыруымен Алматы қаласындағы жаңа медиакешенде Құрылтай сайлауына қатысатын саяси партиялар арасында Ұлттық теледебат басталды.
Саяси пікірсайыс «Qazaqstan» ұлттық телеарнасында және әлеуметтік желідегі парақшаларында тікелей эфирде көрсетіліп жатыр.
Ұлттық теледебат қарсаңында арнайы эфир ұйымдастырылып, көрермендер пікірсайыс басталғанға дейінгі дайындық барысын тамашалады.
Эфир барысында саяси сарапшылар теледебаттың маңызына тоқталып, еліміздегі конституциялық реформалардан кейін алғаш рет өткізілгелі отырған Құрылтай сайлауының қоғамдық-саяси мәніне баға берді. Олар медиаорталықтың Sky студиясында партиялардың сайлау бағдарламаларын талқылады.
Осы уақытта Құрылтай сайлауына қатысатын жеті саяси партияның өкілдері арнайы автобустармен медиаорталыққа келді. Әр партияның делегациясын жақтастары жылы қарсы алып, қолдау көрсетті. Тікелей эфир барысында партия өкілдерінің келу сәті, олардың дебат алдындағы көңіл күйі көрерменге ұсынылды.
Эфир кезінде әр партияның тарихы, саяси ұстанымы және Құрылтай сайлауына ұсынған кандидаттары туралы қысқаша ақпарат берілді. Сонымен қатар тілшілер партия өкілдерімен экспресс-сұхбат жүргізіп, олардың пікірсайысқа дайындығы, басты мақсаттары және сайлаушыларға жеткізгісі келетін негізгі ойлары жөнінде пікірін білді.
Сарапшылар Бақытжан Бұқарбай мен Жеңісбек Төлен жаңа саяси реформалардың нәтижелері, партиялық жүйенің дамуы, Құрылтай институтының ерекшеліктері, заң шығару жүйесіндегі өзгерістер және басқа да тақырыптар төңірегінде ой бөлісті.
Жеті партияның өкілдері теледебат студиясына толық жиналып, тікелей эфир алдындағы соңғы дайындықтарын пысықтаған соң жүргізушілер сөз кезегін Ұлттық теледебат модераторына ұсынды. Осылайша елдегі маңызды саяси оқиғалардың бірі саналатын Ұлттық теледебаттың тікелей эфирі басталды.
Пікірсайыс барысында жеті саяси партияның өкілдері өз партияларының сайлау бағдарламаларын таныстырып, ел дамуының басым бағыттары бойынша партиялық ұстанымдарын жеткізеді.
Теледебатқа қатысатын саяси партиялардың өкілдері:
• Бектұров Ренат Нұрмолдұлы – «Әділет» партиясы;
• Егізбаев Серік Рахметоллаұлы – «Ауыл» партиясы;
• Нұралдинов Олжас Елтайұлы – «Ақ жол» партиясы;
• Смолякова Екатерина Сергеевна – «Respublica» партиясы;
• Сұңқар Ислам Еркінұлы – Қазақстан Халық партиясы;
• Сәмбетбай Тазабек Дәкенайұлы – Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы;
• Қадырбаева Нұргүл Жұмахметқызы – «Байтақ» партиясы.
Теледебат барысында көрермендердің сауалдары мен ұсыныс-пікірлерін қабылдау үшін Арнайы байланыс орталығы жұмыс істейді. Көрермендер WhatsApp, Telegram, Youtube, Instagram әлеуметтік желілері арқылы сұрақтарын жолдай алады.



