Wildberries Қазақстанға келе ме? Сауда министрлігі мәлімдеме жасады
Украина дрондарынан зардап шеккен компания Қазақстаннан қойма іздеп жатыр деген хабар тараған еді.

Сауда және интеграция министрлігі Wildberries қойма кешенін ықтимал көшіру мәселесіне қатысты мәлімдеме жасады.
Министрліктің хабарлауынша, қазіргі уақытта Wildberries компаниясынан Қазақстан Республикасының аумағында қосымша қойма қуаттарын орналастыру мәселесіне қатысты ресми өтініш келіп түспеген.
Тиісті ұсыныстар келіп түскен жағдайда, олар Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерін ескеріле отырып, заңнама талаптарына сәйкес қаралатын атап өткен.
«Халықаралық компаниялардың кез келген жобалары елдің ұлттық мүдделеріне сай, өзара тиімді негізде жүзеге асырылуы маңызды. Мұндай жобалар отандық кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастырып, Қазақстан экономикасына инвестиция тартуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етуі тиіс. Қазақстанның транзиттік және логистикалық әлеуеті жоғары. Осыған байланысты Министрлік заманауи қойма және логистикалық инфрақұрылымды дамытуға, жаңа жұмыс орындарын құруға, сондай-ақ трансшекаралық электрондық сауданы ілгерілетуге бағытталған инвестициялық жобаларды қолдайды», — делінген хабарламада.
Сонымен қатар тауарларды тасымалдау, сақтау және айналымға шығару процестері Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасымен және Еуразиялық экономикалық одақтың құқықтық нормаларымен реттеледі. Осыған байланысты нарықтың жекелеген қатысушылары үшін қандай да бір ерекше жағдайлар немесе арнайы талаптар көзделмеген.
Еске салайық, Wildberries-тің Ресейдегі ірі қоймаларына дронмен шабуыл жасалған болатын. Осыған байланысты компания Қазақстаннан қойма іздеп жатыр деген хабар тараған еді.



