Қостанайдағы қайғылы оқиға: Жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасы мәлімдеме жасады

Бұған дейін Қостанайдағы ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 14 жастағы жасөспірім қайтыс болды деген ақпарат тараған еді. Кейбір дерек көздері қайғылы жағдайға ғимарат ішіндегі қатты ыстық пен ауа жетіспеуі әсер етуі мүмкін екенін жазған.
Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы арнайы мәлімдеме жасады. Мәлімдемеде орталықта әрбір балаға арналған тәулік бойғы тиісті күтім толық ұйымдастырылғаны айтылған.
«Кеше, 2026 жылғы 28 шілдеде өкінішке орай балалар арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында мекеме тәрбиеленушісі қайтыс болды. Аталған факті бойынша Қостанай қалалық полиция басқармасының Солтүстік полиция бөлімі қылмыстық істі тіркеп, қазіргі уақытта тергеу әрекеттерін жүргізуде, сондай-ақ тиісті сараптамалар тағайындалды.
Топтарда кіші медициналық персонал үнемі қадағалау жүргізеді, бекеттер тәулік бойы жұмыс істейді. Медициналық қызметкерлер мен мекеме басшылығы күніне екі рет аралау жүргізіп, балаларды медициналық тексеруден өткізеді. Орталықта педиатр, невропатолог және басқа да бейінді мамандар қызмет атқарады.
Күн ішінде тәрбиеленушінің жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланған, дене қызуының көтерілуі немесе шағымдар тіркелмеген. Бала белсенділік танытып, түскі асын ішкеннен кейін күндізгі ұйқыға жатқызылған», — делінген мәлімдемеде.
Осыған дейін Қостанай облысы құқық қорғау орталығы мүмкіндігі шектеулі баланың қатты ыстықтың салдарынан жүрегі тоқтап қалғанын және мекемеде бөлмелердің салқындатқышсыз болғанын хабарлаған еді. Алайда әлеуметтік қызмет көрсету орталығы бұл ақпаратты жоққа шығарды.
Орталықтың мәліметінше, әр топта ауа райы жағдайына сәйкес жұмыс істейтін кондиционерлер орнатылған, тәрбиеленушілер ауыз сумен қамтамасыз етілген және температуралық режим тұрақты бақылауда болған.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Іс Қостанай облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бақылауына алынған.



