Адамжегіш Жұмағалиев жатқан клиника тексерілетін болды
Тергеу мәліметінше, оның құрбандарының саны кемінде 10 адам болған, олардың басым бөлігі әйелдер.

Денсаулық сақтау министрі мәжбүрлі емдеуде жатқан Николай Жұмағалиев орналасқан «Ақтас» республикалық мамандандырылған психиатриялық ауруханасына кешенді тексеру жүргізуді тапсырды, деп хабарлады Stan.kz.
Мұндай шешім бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде науқастардың емдеу мекемесіндегі жағдайына қатысты шағымдар жарияланғаннан кейін қабылданды.
Тексеруді медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті жүргізеді. Мамандар медициналық құжаттарды, емдеу процесін ұйымдастыруды, пациенттердің ұсталатын жағдайын, лауазымды тұлғалардың әрекеттерін және азаматтардың құқықтарының сақталуын зерделейді.
Сонымен қатар тексеруге прокуратура органдарының, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілдері және өзге де мемлекеттік органдар тартылмақ.
Денсаулық сақтау министрлігі тексеру қорытындысы бойынша барлық айтылған жайттарға құқықтық баға берілетінін мәлімдеді. Егер заңбұзушылықтар расталса, кінәлілер жауапқа тартылады.
Бұған дейін YouTube платформасында «Ақтас» ауруханасында мәжбүрлі ем алып жатқан Николай Жұмағалиевтің сұхбаты жарияланған еді. Ол мекемедегі жағдай туралы айтып, жеке кеңістіктің жетіспеушілігіне, палаталарда ұзақ уақыт болуға, серуендеуге шектеулі мүмкіндікке және тұрмыстық қолайсыздықтарға шағымданған.
Николай Жұмағалиев 1970-жылдардың соңында бірнеше аса ауыр қылмыс жасаған. Тергеу мәліметінше, оның құрбандарының саны кемінде 10 адам болған, олардың басым бөлігі әйелдер. Сот оны есі дұрыс емес деп танып, мәжбүрлі емдеуге жіберген.
«Ақтас» – Қазақстандағы осындай бағыттағы жалғыз мамандандырылған медициналық мекеме. Мұнда соттың шешімімен мәжбүрлі медициналық ем тағайындалған адамдар ем қабылдайды. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, ауруханадағы пациенттердің 80%-дан астамы адам өмірі мен денсаулығына қарсы ауыр және аса ауыр қылмыстар жасаған.



