Қоғам

«Аптап ыстықтан ауа жетпеген»: Қостанайдағы ерекше балалар интернатында 14 жастағы жасөспірім қайтыс болды

Мекеме қызметкерлері балалар жатқан бөлмелерде кондиционер орнатылмағанын, ал салқындатқыш құрылғылар тек әкімшілік кабинеттерінде болғанын айтады.

Қостанайдағы ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 14 жастағы жасөспірімнің қайтыс болуына қатысты жаңа мәліметтер жарияланды. Құқық қорғау орталығына мекеме қызметкерлері балалар жатқан бөлмелерде кондиционер орнатылмағанын, ал салқындатқыш құрылғылар тек әкімшілік кабинеттерінде болғанын айтып, мәселені тексеруді сұраған, деп хабарлайды dalanews.kz.

Мәліметке сәйкес, Қостанай облысы әкімдігі Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты арнайы әлеуметтік қызмет көрсету балалар орталығында (Қостанай қаласы, Красносельская көшесі, 22) 2026 жылғы 28 шілдеде күндізгі ұйқы кезінде 14 жастағы мүгедектігі бар бала көз жұмған.

Интернат қызметкерлерінің айтуынша, баланың жүрегі тоқтап қалған. Олар қайғылы жағдайға ғимарат ішіндегі қатты ыстық пен ауа жетіспеуі әсер етуі мүмкін екенін жоққа шығармайды. Дегенмен өлімнің нақты себебі медициналық сараптама мен жан-жақты тексерудің қорытындысынан кейін ғана белгілі болатыны атап өтілген.

Құқық қорғау орталығының мәліметінше, мекеме қызметкерлері балалар жатқан бөлмелерге кондиционер орнатуды ұзақ уақыт бойы сұрап келген. Алайда олардың өтініштері орындалмаған. Соған қарамастан кондиционерлер әкімшілік-басқару қызметкерлерінің кабинеттеріне орнатылғаны айтылған.

Орталық бұл ақпарат расталса, ерекше күтімді қажет ететін балалардың емес, алдымен әкімшілік қызметкерлердің жайлы жағдаймен қамтамасыз етілуі заңды сұрақ туғызатынын мәлімдеді.

Сондай-ақ құқық қорғаушылар қайғылы оқиғаға байланысты жан-жақты әрі объективті тексеру жүргізуді талап етті. Олар балалар жатқан бөлмелердегі нақты температура мен ылғалдылықты, желдету жүйесінің жұмысын, климаттық жабдықтардың жағдайын, балаға медициналық көмектің уақытылы көрсетілген-көрсетілмегенін, сондай-ақ мекеме басшылығы мен жауапты мемлекеттік органдардың әрекеті немесе әрекетсіздігін тексеру қажет деп есептейді.

Бұдан бөлек, қызметкерлер кондиционер орнату мәселесін бірнеше рет көтергені, бірақ бұл өтініштердің тиісті деңгейде қаралмағаны айтылды. Егер бұл деректер расталса, жауапты тұлғалардың кім болғаны және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін неге уақытылы шара қабылданбағаны анықталуы тиіс.

Құқық қорғау орталығы бұл мәселе тұрмыстық қолайлылық туралы емес, мемлекет қамқорлығындағы балалардың өмірі мен қауіпсіздігі туралы екенін атап өтті. Сондай-ақ ұйым Қостанай облысы әкімдігінен, Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан, денсаулық сақтау және құқық қорғау органдарынан ресми әрі мазмұнды түсініктеме күтетінін жеткізді.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button