
Қазақстан соңғы жылдары мұнай-газ химиясын дамытуды мықтап қолға алғаны белгілі. Дегенмен ірі жобалардағы қазақстандық өнім үлесін арттыруға мемлекет әлі де назар аудару керек. Әсіресе, қара алтын өндіретін өңірлердегі экологиялық төлемдер сол аймақтың табиғатын қалпына келтіруге жұмсалғаны дұрыс. Бұл мәселелер «Әділет» партиясы республикалық сайлауалды штабы өкілдерінің облыстағы энергетика саласы мен ауыр өнеркәсіп кәсіпорындары ұжымдарымен кездесуінде сөз болды.
Жұмыс сапары Қазақстандағы тұңғыш мұнай өңдеу кәсіпорны әрі отандық мұнай-химия өнеркәсібінде үлкен орны бар Атырау мұнай өңдеу зауытынан басталды. Жыл сайын шамамен 5,5 миллион тонна мұнай өңдейтін өндіріс орны ішкі нарыққа кететін мұнай өнімдерінің басым бөлігін беріп отыр.
Кездесуде Құрылтай депутаттығына кандидаттар «Әділетті болашақ үшін» бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырып шықты. Жиында сөз алған «Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай Атырау өңірінің ел дамуындағы айрықша орнына тоқталып, мұнайлы өлкенің Қазақстан экономикасындағы стратегиялық рөлін атап өтті.

«Атырау – еліміздің энергетикалық жүрегі. Сондықтан энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету партияның сайлауалды бағдарламасындағы он негізгі басымдықтың қатарына енгізілді. Сонымен бірге экономиканың дамуы адамдардың өмірінде нақты оң өзгерістерге ұласуы тиіс. Біз лайықты еңбекақы төленетін, еңбек жағдайы қауіпсіз, әлеуметтік кепілдіктері толық сақталатын, тұрақты жұмыспен қамтылған әрі заманауи цифрлық еңбек қатынастары енгізілген бір миллион сапалы жұмыс орнын құруды мақсат етіп отырмыз», – деді партия басшысы.
Айта кетерлігі, өңірдің өндірістегі өзіне тән ерекшелігі партияның сайлауалды бағдарламасында да қамтылған. Мәселен, мұнай-газ химиясын және өңдеу өнеркәсібін дамыту, отандық сервистік компанияларға қолдау көрсету, ірі жобалардағы қазақстандық өнім мен қызметтің үлесін арттыру жан-жақты баяндалған.
Сондай-ақ, экология тақырыбы да назардан тыс қалмады. Бұл орайда партия ауаның ластануын азайтуға, суды тиімді пайдалануға, елдімекендерді көгалдандыруға, қалдықтарды қайта өңдеу жүйесін дамытуға әрі өнеркәсіп кәсіпорындарындағы экологиялық бақылауды күшейтуге қатысты шаралар кешенін жоспарлап қойған. Мысалы, экологиялық төлемдер алдымен сол қаржы жиналған өңірлердің табиғатын қалпына келтіруге жұмсалуы қажет. Оның үстіне, ірі кәсіпорындарында халықаралық талаптарға сай заманауи экологиялық стандарттарды енгізудің маңызы зор.
«Экологиялық кодексте көзделген «ластаушы төлейді» қағидатын нақты жүзеге асырамыз. Өндіріс залалын шеккен өңір өз табиғатын жандандыруға мүмкіндік алуға тиіс. Мұнай компанияларына салынатын экологиялық айыппұлдардың бір бөлігін зардап шеккен өлкенің жандануына бағыттауды ұсынамын», – деді Арман Хайруллин.
Ашық пікір алмасу форматында өрбіген отырыста қызметшілер де өз ойларын ортаға салып, өндірісті цифрландыру, экологиялық қауіпсіздік, инженерлік кадрларды даярлау, құқықтық мәдениет сынды түрлі тақырыпта сұрақтарына жауап алды.
Бұдан кейінгі жұмыс сапары TEXOL вагон жасау зауытында жалғасты. Ол еліміздегі жетекші машина жасау кәсіпорындарының бірі. Партия өкілдері мұндай жоғары технологиялы өндірістер ұлттық экономиканың өсіміне серпін беріп, инженерлік әлеуетті нығайтып, жоғары қосылған құны бар өнім өндіруге жол ашатынын атап өтті.
Одан кейін штаб мүшелері «Ембімұнайгаз» АҚ ұжымымен және мұнай-газ саласының ардагерлерімен кездесті. Басқосуда жас мамандар даярлау, жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, мұнай-газ саласын дамыту, еңбек жағдайларын жақсарту және отандық өндірісті қолдау мәселелері сөз болды.
Дайындаған:
«Әділет» партиясының баспасөз қызметі.
«Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражаты есебінен төленді.
Тапсырыс беруші: Н.Т. Мыңжасаров.



