Астана полициясы көші-қон қызметі басшысының орынбасары тергеліп жатыр
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі соталды тергеу басталғанын растады.

Астана қаласы полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасы басшысының орынбасары Әлия Макаева ұсталды деген ақпарат тараған еді.
Журналист Михаил Козачковтың Telegram-арнасы хабарлауынша, полиция полковнигі ұйымдасқан заңсыз көші-қон ісі бойынша күдікке ілінген. Тергеу нұсқасына сәйкес түрлі ведомстволардың өкілдері қатысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекеті анықталған.
Дереккөздің мәліметінше, аталған топқа қатысы бар тұлғалар шетел азаматтарына заңсыз түрде тұруға рұқсат құжаттарын рәсімдеумен айналысқан болуы мүмкін.
Қазіргі уақытта бұл істі Ішкі істер министрлігінің өзіндік қауіпсіздік департаменті мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті тергеп жатыр» делінген ақпаратта.
Бүгін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі соталды тергеу басталғанын растады.
“Қазір соталды тергеу жүргізіліп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жарияланбайды”, – делінген ресми жауапта.
Қылмыстық іс бойынша өзге де мәліметтер әзірге жарияланған жоқ.



