«Өз ұлтын қорламаса іштері өте ме?»: журналист Ресей сахнасында өнер көрсеткен әзілкештерді сынға алды
Біздің отандық ойыншылардың бұл қылығы Нұрлан Сабуровтың «курлы-мурлысынан» да асып түсті.

Әлеуметтік желілерде отандық КВН (көңілділер мен тапқырлар клубы) командаларының бірінің Ресейде көрсеткен ойыны шу тдырып жатыр, деп хабарлады tiek.kz.
Журналист әрі қоғам белсендісі Айсұлтан Жақыпов Ресей сахнасына шыққан әзілкештердің өз ұлт мен мәдениетін мазақ қылып, күлкі еткеніне наразылық білдірген.
Айтуынша, нағыз сорақылық!
«Бүгін кездейсоқ бір видеоны көріп, көңілім қатты түсті. Көргенім — Ресейдегі КВН ойыны, яғни Қазақстаннан барған команданың («Спарта» немесе «Казахи») өнері. Қойылым барысында Мәскеудегі кофеханада болған оқиға көрсетіледі. Кофе ішетін жандар біледі: мұндай жерлерде тапсырыс берушінің атын стақанға жазып алып, сусын дайын болғанда аты-жөнін айтып шақырады. Сахнада Игорь есімді азамат кофесін алып кетеді де, кезек қазақ азаматына келеді. Сусын дайын болғанда, жүргізуші қазақшаға ұқсамайтын, жай ғана кездейсоқ әріптерден құралған анайы әрі мағынасыз сөзді айтады. Бұл — нағыз сорақылық.
Осыдан үш-төрт жыл бұрын ТНТ арнасында Нұрлан Сабуров пен Азамат Мусагалиевтің қазақ тілін «курлы-мурлы» деп мазақтаған әзілі үлкен шу тудырған еді. Ал біздің отандық ойыншылардың (Данияр және өзге де жігіттердің) бұл қылығы, меніңше, сол «курлы-мурлыдан» да асып түсті.
Кеше өзге ел азаматтары Бота есімді қарындасымыздың айтқан бір ауыз сөзі үшін өретүрегеліп, тіпті оның желідегі парақшасын өшірткізгенін бәріміз білеміз. Ал неліктен біз, қазақтар, мұндай қорлыққа төзіп, үнсіз отыра беруіміз керек?», — деп атап өткен журналист.
Сондай-ақ ол әзілкештерге қатаң талап қойылуы керек екенін айтады.
«Неге осы КВН командасын қаржыландыратын демеушілер: «Ұлтты ұятқа қалдырмаңдар, мемлекетті аяққа таптайтын әзіл айтылмасын, ұлтымызға кір келтірмеңдер!» деген талап қоймайды? Жігіттердің бұл бассыздығы несі? Былтырғы ойындарында да кім көрінгеннің алдында шашын алдырып, әжуа болып, клоунның кейпін киген еді. Ал биыл, міне, өз ұлты мен ана тілін аяққа таптап отыр. Бұндай бассыздық енді жалғаспауы тиіс», — дейді журналист.



