Қоғам
Министр Балаева өмірден өткен соң ағзаларын донорлыққа беруге келісім берді

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәйіттік донорлыққа қатысты жеке шешім қабылдағанын жариялады.
Ол бұл қадамға трансплантология мәселесін көтеретін «4739» деректі фильмін көргеннен кейін барған.
Оның айтуынша, бүгінгі күні елімізде 4739 адам трансплантация кезегінде тұр.
Бұл дегеніңіз 4739 үкілі үміт, елжіреген жүрек, жалтақтаған жанар. Олардың арасында 125 бала бар. Қазақстанда трансплантациялардың шамамен 90 пайызы тірі туыстық донорлардың қатысуымен жасалады. Ал қайтыс болғаннан кейінгі донорлықтың үлесі 10 пайызға да жетпейді. Әрине, донор болу немесе болмау – әр адамның жеке таңдауы. Бұл – өте нәзік әрі күрделі мәселе. Мұндай шешімге ешкімді мәжбүрлеуге болмайды. Меніңше, бұл тақырыпта ең маңыздысы – екі тараптың да жағдайын түсіне білу. Бір жағында – ағза күтіп, өмірден үмітін үзбей жүрген адамдар болса, екінші жағында – ең жақын адамынан айырылып, орны толмас қайғыны бастан кешіп жатқан отбасы тұр, — дейді ҚР Премьер-министрінің орынбасары.


