«Жойылу қаупі бар құстарды аулаған»: «Құсбегілік» федерациясының өкілі қамауға алынды

Қарағандыда сирек кездесетін жыртқыш құстарды заңсыз сатып алып, ұстады деген күдікпен Қазақстанның ұлттық аңшылық құрамасының мүшесі қамауға алынды, деп хабарлады tiek.kz.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, күдікті 2017 жылдан бері өз үйінің аумағында заңсыз питомник ұйымдастырған.
Ол «Құсбегілік» федерациясының мүшесі және жыртқыш құстармен аң аулау бойынша Қазақстан құрамасының сапында болған.
Тергеу нұсқасына сәйкес, күдікті ұлттық аңшылыққа, жыртқыш құстарды ұстау мен емдеуге арналған Instagram парақшасы арқылы табиғи ортадан алынған сирек құстарды жеткізушілермен байланыс орнатқан.
Тінту кезінде 35 жыртқыш құс тәркіленді. Олардың арасында ителгі, бүркіт және сұңқар бар. Бұл құстардың барлығы Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген сирек әрі жойылып кету қаупі бар жануарлар санатына жатады.
«Қазіргі уақытта құстар уақытша Қарағанды қаласының хайуанаттар бағында. Сот үкімі заңды күшіне енгеннен кейін олар табиғи мекендеу ортасына жіберіледі», делінген мәлімдемеде.
Сот шешімімен күдікті қамауға алынып, оған тиесілі Toyota 4Runner көлігіне де тыйым салынды.


