
Павлодар облысында кәріз құдығының иісінен уланып, алты адам көз жұмды деген ақпарат тарады.
Қайғылы оқиға Ақтоғай ауданына қарасты Жоламан ауылында болған. Облыстық еңбек инспекциясы департаментінің мәліметінше, қайғылы оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталып жатыр.
Оқиға сүт фермасының аумағында орналасқан кәріз құдығында жұмыс жүргізу кезінде болған. 1963, 1975, 1983, 1998, 2006 және 2009 жылы туған ер адамдар мерт болған. Қаза тапқандардың ең жасы – 16 жаста.
1988 жылы туған тағы бір ер адам аман қалды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, ол орташа дәрежедегі көмірқышқыл газынан улану диагнозымен Ақтоғай аудандық ауруханасында ем алып жатыр.
Жедел жәрдем қызметінің хабарлауынша, шақырту 20 шілде күні сағат 12:01-де түскен.
Әлеуметтік желілерде олардың кәріз құдығындағы жөндеу жұмыстары кезінде қаза тапқаны туралы ақпарат тарағанымен, бұл мәліметті құзырлы органдар әзірге ресми түрде растаған жоқ.
Павлодар облыстық полициясы Жоламан ауылында алты адамның қазасына байланысты қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болып отыр. Қосымша мәліметтер әлі жарияланған жоқ.


