«Семей орманындағы» өрт сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр

Абай облысында «Семей орманы» аумағында орман өртін сөндіру жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Өртті ауыздықтау жұмыстарына авиация да жұмылдырылған.
Резерват мәліметінше, өрт 16 шілде күні сағат 09:45-те Бородулиха филиалына қарасты Камышенка орманшылығының 57-орамында тіркелген.
Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша «Семей орманы» аумағындағы жұмыстарды үйлестіру үшін төтенше жағдайлар және экология министрлері жолға шықты.
Премьер-министр Олжас Бектенов төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов пен экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевқа «Семей орманы» аумағында орман өртін сөндіру жұмыстарын үйлестіру мақсатында Абай облысына шұғыл баруды тапсырды.
Жақын маңдағы елді мекендерді қорғау және өрттің одан әрі таралуының алдын алу шараларын күшейту тапсырылды.
2026 жыл 16 шілде сағат 16:00-дегі жағдай бойынша өрт сөндіруге 400-ден астам адам және 100-ге жуық техника жұмылдырылды. Көлемі 100 тоннадан асатын су себілді.
«Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында орман өртін сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Жедел штаб жұмысы Премьер-министрдің жеке бақылауында.



