Экономика

«Жағдай мәз емес»: Олжас Бектенов «Самұрық-Энерго» басшысын сынға алды

Үкімет басшысы Олжас Бектенов «Самұрық-Энерго» басшылығына Алматыдағы ЖЭО-3-ті жаңғырту жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды. 

Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының елімізді одан әрі индустрияландыру және цифрландыру жөніндегі тапсырмаларын орындау үшін жаңа электр энергиясын өндіретін нысандарды іске қосу маңызды екенін атап өтті.

Энергетика министрлігі мен «Самұрық-Қазына» қорына электр энергиясын өндіру саласындағы негізгі жобалардың белгіленген мерзімде жүзеге асырылуын қамтамасыз ету тапсырылды.

«Көмір химиясының қолда бар әлеуетін ескере отырып, көмірді қайта өңдеу жобаларына жеке инвестицияларды арттыру жұмысын жандандыруды және әлеуетті инвесторларды қолдау шараларын кеңейтуді тапсырамын. Экономиканың дамуы елімізді одан әрі индустрияландыру мен цифрландыру, сондай-ақ инфрақұрылымға деген өсіп келе жатқан сұранысты қамтамасыз ету үшін энергетикалық қуаттарды арттыруды талап етеді», — деп атап өтті Премьер-министр.

Олжас Бектенов Энергетика министрлігі мен “Самұрық-Қазына” қорының басшылары Алматы электр стансалары мен Түркістан облысындағы бу-газ қондырғысының уақтылы іске қосылуына тікелей жауап беретінін тағы да еске салды.

«Самұрық-Энерго» компаниясының басшысы, Қайрат Мақсұтов. Өткен аптада Энергетика министрі Алматыға барып, екінші және үшінші ТЭЦ-ті тексеріп келді. Үшінші ТЭЦ бойынша жағдай мәз емес. Жұмыс қарқыны өте төмен. Егер жылдың соңына дейін бітірмесеңіздер, сіздің жеке қатаң жауапкершілігіңіз қаралатын болады. Күнделікті бақылауға алыңыз, — деп тапсырды Премьер-министр.

Сонымен қатар мұнай мен газ өндірудің жоспарланған көрсеткіштеріне қол жеткізу мақсатында Энергетика министрлігіне барлық жер қойнауын пайдаланушылармен келіссөздер жүргізіп, нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеу тапсырылды.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button