Газа аймағында 56 мың бала жетім қалды
Соғыс басталғалы бері Газа секторында 73 мыңнан астам адам қаза тапқан.

Газа секторында израильдік шабуылдардан қаза тапқан палестиналықтардың саны 73 мыңнан асты. 56 мың бала жартылай не тұл жетім қалды. Бұл ЮНИСЕФ ұсынған кейінгі деректер, деп хабарлайды 24.kz арнасы.
Бұдан бөлек өзге өңірде аштық жайлаған. Қарулы қақтығыс кезінде ата-анасынан айырылған балаларға, әдетте, туған-туыстары бас-көз болады. Бірақ олардың да қазіргі жағдайы мәз емес. Тұрғындар шатырлар мен бүлінген ғимараттарда өмір сүреді, ас-су тапшы.
Салах әл-Кафарана бес жиенін тәрбиелеп отыр. Олардың ата-аналары анклавтағы атыс кезінде қайтыс болды. Ең кішісі бес жаста, ал үлкені он екіде. Ағасы жеткіншектерге қажет нәрсенің бәрін беруге тырысқанымен, әке-шешенің орнын басу қиын екенін мойындайды.
«Ата-анасынан айырылған балалар өзге жеткіншектерге ұқсамайды. Оларға ерекше қамқорлық қажет. Өз тарапымнан махаббат, мейірім беріп, киім-кешек және тамақпен барынша қамтамасыз етуге тырыссам да, ата-ананың орны бөлек екені айтпаса да түсінікті ғой. Мен не істесем де, жеткіліксіз, — дейді Газа секторының тұрғыны Салах Әл-Кафарана.
Газадағы гуманитарлық дағдарыс жағдайында балаларға қамқорлық жасау қиындап барады. Өңірде ауыз су тапшы. Ал қалдықтарды шығару жүйесі санитарлық тәуекелдермен күресуге қауқарсыз. Соның салдарынан, әсіресе, балалар арасында жұқпалы аурулардың таралу қаупі артқан.
«Бір жылдан астам уақыт бұрын әкем мен ағамнан айырылған соң, ерте есейіп, анам және әпке-сіңлілеріме жауапкершілік алуға мәжбүр болдым. Бұрын біз өте бақытты едік. Ал қазір тек қирандылар қалды. Біз шатырларда тұрамыз, аптап ыстыққа төзу өте қиын. Өткен өмірімізді қатты сағынамыз. Алаңсыз білім алып, асыр салып ойнап жүретін күндеріміз қайта оралса дейміз», — дейді Газа секторының тұрғыны Мухтади Джалул.
Денсаулық сақтау министрлігінің кейінгі мәліметтеріне сүйенсек, соғыс басталғалы бері Газа секторында 73 мыңнан астам адам қаза тапқан.
Бейбіт бітімге қарамастан, Израиль аймақты атқылауын жалғастырып келеді. Ал тағдырдың тәлкегіне түскен 60 мыңға жуық баланың алдағы өмірі қалай болатыны беймәлім.



