Алматылықтарға әлеуметтік қолдау саласында 23 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді
Жыл басынан бері мұндай қолдауға 657 отбасы ие болды.

Биылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Алматыда әлеуметтік қолдау саласында 23 460 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Оның басым бөлігі «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы ұсынылды.
Бұл туралы қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының өкілдері айтты.
Әлеуметтік қолдаудың негізгі бағыттарының бірі – жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен төмен отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсету. 1 шілдедегі жағдай бойынша атаулы әлеуметтік көмекті 1 393 отбасы, яғни 7 мыңнан астам адам алды. Атаулы әлеуметтік көмек мұқтаждық деңгейін бағалау нәтижелері негізінде және еңбекке қабілетті отбасы мүшелері жұмыспен қамтылған жағдайда тағайындалады.
Сонымен қатар, атаулы әлеуметтік көмек алатын және құрамында 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалары бар отбасыларға 1,5 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде қосымша ақшалай төлем төленеді.
Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, қалада аз қамтылған азаматтарға тұрғын үй көмегі де көрсетіледі. Бұл көмек отбасының коммуналдық қызметтерге жұмсайтын шығындары белгіленген табыс үлесінен асқан жағдайда беріледі. Жыл басынан бері мұндай қолдауға 657 отбасы ие болды.



