Экология

Көкжайлауда Almaty SuperSki курортының құрылысы басталды

Көкжайлауда Almaty SuperSki жобасы аясында құрылыс-монтаж жұмыстары басталды, деп хабарлайды tiek.kz.

Болашақтау-шаңғы курорты аумағында Қазақстанның Қызыл кітабына енген ағаштар жоқ. Ал қалған жасыл желектерді барынша сақтап қалу немесе басқа жерге көшіру жоспарланып отыр.

Қазір аталған аумақ дайындық кезеңінде: оған техникалық және кіреберіс жол салынып жатыр. Бұл жол құрылыс техникасының аумаққа кіруіне және жобаның келесі кезеңдерін бастауға мүмкіндік береді. Жұмыстар жобалық құжаттамаға және табиғатты қорғау талаптарына сәйкес жүргізіліп жатыр. Авторлық қадағалауды Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу институты жүргізбек.

Сонымен бірге, Көкжайлауда археологиялық зерттеулер басталды. Аумақта археологиялық мұра нысандары болғандықтан, бұл жұмысқа Археология институтының мамандары тартылды. Алдағы күндері олар қазба жұмыстарын жүргізіп, тарихи ескерткіштерді зерттеуге кіріседі.

Әрбір археологиялық нысанның алдағы тағдыры жеке қаралады: қажет болған жағдайда құтқару қазба жұмыстары жүргізіледі, кейбірі өз орнында сақталады, музей қорына өткізіледі немесе Көкжайлау аумағында музей экспозициясын ұйымдастыру мүмкіндігі қарастырылады.

Сондай-ақ мамандар кеңейтілген инженерлік-геологиялық зерттеулер жүргізіп жатыр.

Құрылыс аймағына түсетін ағаштарды барынша сақтап қалу және қолданыстағы талаптарға сай басқа жерге көшіру көзделген. Сонымен бірге, болашақ курорт аумағында Қазақстанның Қызыл кітабына енген ағаш түрлері анықталмағаны аталып өтті.

11 заманауи аспалы жолдың құрылысын осыайда бастау жоспарланып отыр. Бұл жұмыстарға Францияның POMA компаниясы тартылған. Қазіркомпания құрылыс алаңын дайындау және техниканы жұмылдыру жұмыстарын жүргізіпжатыр.

Бұдан бөлек, Алматы қаласының әкімдігі Көкжайлаудағы қосалқы электр станциясын қалпына келтіру, Казачка өзені бойымен курорт шекарасына дейін кіреберіс жол салу және жасыл желектерді көшіру жұмыстарын бастады. Мұның барлығы жобаға қажетті инженерлік және көлік инфрақұрылымын қалыптастыру үшін жүргізіліп жатыр.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button