Оқиға

Ақтау атыс болып, екі адам ауруханаға түсті

Маңғыстау облысының Ақшұқыр ауылында болған атыс салдарынан екі адам оқ жарақатымен ауруханаға түсті, деп хабарлайды  Lada.kz.

Оқиға 9 шілде күні таңертең ауылдағы автокөлік жуу кешені маңында болған. Әлеуметтік желілер мен WhatsApp мессенджерінде оқиға орнынан түсірілген суреттер мен жараланған азаматтардың фотолары кеңінен тарады.

Облыстық аурухананың мәліметінше, қазіргі уақытта 2001 және 1999 жылы туған екі науқас ем қабылдап жатыр.

2001 жылы туған азамат хирургия бөлімшесіне жатқызылған. Дәрігерлер оған беті, мойны, екі қолы және кеуде қуысының оң жақ бөлігіне тиген көптеген бытыралы оқ жарақатын, сондай-ақ оң жақ гемоторакс диагнозын қойған.

Ал 1999 жылы туған науқас хирургияның екінші бөлімшесінде ем алуда. Оның оң жақ сирағына бытыралы оқ тиіп, бет сүйектерінің бірнеше жері сынғаны анықталған.

Дәрігерлердің айтуынша, екі науқастың да жағдайы тұрақты бақылауда, оларға қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетіліп жатыр.

Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын құқық қорғау органдары анықтап жатыр. Полиция әзірге ресми түсініктеме берген жоқ.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button