Экономика

Бұдан былай бөліп төлеу кезінде жасырын комиссияларға шектеу қойылатын болды

Қазақстанда бөліп төлеуге қатысты ереже өзгергелі жатыр. Енді маркетплейстер мен қаржыландыратын компанияларға қатаң талап қойылады, жасырын комиссияларға жол берілмейді. Ал 2027 жылдан бастап қазақстандықтардың несиесі жылдық табысынан сегіз еседен асып кетсе, жаңа қарыз алу қиындайды.

Қазақстанда маркетплейстер мен интернет платформалар арқылы тауарды бөліп төлеуге (BNPL) сатып алу ережелері қатаңдатылмақ. Бұл үшін Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі заңнамаға түзетулер әзірледі.

Мәліметтерге сенсек, елде онлайн сауда қарқынды өсіп келеді. 2025 жылы электронды бөлшек сауда көлемі 3,77 триллион теңгеге жеткен. Ірі маркетплейстер тек сауда алаңы емес, бөліп төлеу қызметін ұсынатын қаржылық экожүйеге айналып барады.

Осыған байланысты реттеушілер тұтынушылардың құқығын қорғап, халықтың шамадан тыс қарызға батуының алдын алу үшін жаңа талаптарды енгізуді жоспарлап отыр.

Жаңа түзетулерге сәйкес, егер тауарды сатып алу кезінде үшінші тарап қаржыландыруды қамтамасыз етсе, ол банк болмаса да, қаржы ұйымдарына қойылатын міндеттердің бір бөлігін орындауға тиіс болады.

Жаңа ережелердің негізгі мақсаты:

  • онлайн сауда нарығында монополиялардың қалыптасуына жол бермеу;
  • сатып алушылардан жасырын комиссиялар алынуына тосқауыл қою;
  • қаржылық тәуекелдердің бөлінуін қатаң бақылауға алу.

Қазір түпкілікті талаптарды сауда және интеграция министрлігі, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Бәсекелестікті қорғау агенттігі және «Атамекен» ҰКП бірлесіп әзірлеп жатыр.

Сонымен қатар 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Ұлттық банк қарыз алушылар үшін борыштық жүктемеге жаңа шектеу енгізеді. Жаңа нормаға сәйкес, азаматтың барлық несиелері бойынша жалпы қарызы оның бір жылдық табысынан сегіз еседен аспауға тиіс.

 Stan.kz

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button