Қоғам

Прокурор Сұлтан Сәрсемәлиевке өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын сұрады

Сұлтан Сәрсемәлиев сотта соңғы сөзін айтты.

Атырау облысында бір отбасының төрт мүшесінің өліміне қатысты резонансты іс бойынша мемлекеттік айыптаушы айыпталушы Сұлтан Сәрсемәлиевке өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын сұрады.

Тергеу нұсқасына сәйкес, оған екі немесе одан да көп адамды аса қатыгездікпен, пайдакүнемдік ниетпен және өзге де ауырлататын мән-жайлармен өлтірді деп айып тағылып отыр.

Бұдан бөлек, оған қатысты өзге де айыптар бар. Мемлекеттік айыптаушы:

  • аса ірі көлемдегі ұрлық үшін – 6 жыл,
  • алаяқтық үшін – 6 жыл,
  • мал ұрлығы үшін – 4 жыл,
  • құжаттарды заңсыз алып қою, жою және жасыру фактісі үшін – 60 АЕК мөлшерінде айыппұл тағайындауды сұрады.

Алайда барлық айыптарды ескере отырып, прокурор түпкілікті жаза ретінде өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды және жазаны төтенше қауіпсіздік мекемесінде өтеуді сұрады.

Алайда айыпталушы  «ауыр қылмыс пайдакүнемдік үшін жасалды» деген тұжырыммен келіспейтінін айтты.

«Өз қолыммен жасаған іске басыммен жауап беруге дайынмын. Мен тергеуден қашқан жоқпын, әділдік алдында жауапкершіліктен де қашпаймын. Өмір бойына бас бостандығынан айырылуға дайынмын. Бірақ оларды ақша үшін немесе басқа қылмысты жасыру үшін өлтірдім деуге ешқашан тілім бармайды», – деді сотталушы.

Айыпталушының сөзінше, қылмыс қаза тапқандармен арадағы жанжалдан соң жасалған.

«Олардың әрқайсысы мені қылмысқа итермеледі, намысым мен қадір-қасиетімді таптады. Не істегенімді өзім білемін және оған өзім жауап беремін. Мұны өмір бойы өтеуге дайынмын», – деді ол сотқа арнаған соңғы сөзінде.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button