«Мақсатымыз — Құрылтайдан 20 пайыз орын алу» — Азаматхан Әміртай
2023 жылғы Мәжіліс сайлауында "Байтақ" жасылдар партиясы 2,3 пайыз ғана дауыс жинаған еді.

Сиезден кейін «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртайға журналистермен кездесу барысында Құрылтайдан 20 пайыз дауыс алуды мақсат тұтып отырғанын айтты.
Айтуынша, партия бұған дейінгі кемшіліктердің бәрін түзеткен.
«Біздің мақсатымыз алдағы Құрылтайдан 20 пайыз орын алу. Қазір біз соған дайындалып жатырмыз.Оған мүмкіндігіміз бар әрине. Мүмкін әлеуметтік желіде, интернет бетінде әлсіз болып жатқан шығармыз. Бірақ біз шынайы өмірде біздің аудандық бөлімшелеріміз ауылдағы бастауыш партия ұйымдарымыз бәрі қазір белсенді қатысуға дайын», — дейді партия төрағасы.
Естеріңізде болса, 2023 жылғы Мәжіліс сайлауында «Байтақ» жасылдар партиясы 2,3 пайыз дауыс жинаған еді. Азаматхан Әміртайдың айтуынша, оған сол кездегі дайындық жұмыстарының жеткіліксіздігі әсер еткен.
«Біз 2022 жылғы 28 қарашада Әділет министрлігінде тіркеуден өттік. Одан кейін сайлауға дайындалуға бір жарым-ақ ай уақытымыз қалды. Бір ай ішінде филиалдар аштық та, қалған қысқа уақытта халықпен толыққанды жұмыс істеп, партиямыздың танымалдығын арттырып үлгермедік. Нәтиженің төмен болуы — сол себептен. Қазір сол қателіктердің бәрін түзеттік. Бүгінде партиямыздың 20-ға жуық филиалы, 180 аудандық бөлімшесі және 150 мыңға жуық мүшесі бар. Олардың бәрі қазір партиямыздың бағытында, оның ішінде экологиялық мәселелер бойынша белсенді жұмыс істеп жатыр», — деп атап өтті ол.



