Ресей зауыттарына шабуыл жасаған дрондардың Қазақстан аумағынан ұшырылғаны рас па?
Кейбір БАҚ-та Ресейдегі нысандарға шабуыл жасаған дрондар Қазақстан аумағынан ұшырылуы мүмкін деген ақпарат тарады.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында тараған, Ресей аумағындағы нысандарға жасалған шабуылдарда қолданылған ұшқышсыз ұшу аппараттарын іске қосу үшін Қазақстан аумағы пайдаланылуы мүмкін деген ақпараттарды жоққа шығарды.
Министрліктің мәліметінше, соңғы кезде кейбір БАҚ-та Ресейдегі нысандарға шабуыл жасаған дрондар Қазақстан аумағынан ұшырылуы мүмкін деген ақпарат тарады. Алайда ведомство бұл ақпаратты жоққа шығарды.
“Мұндай мәлімдемелердің шындыққа сәйкес келмейді және оны растайтын ешқандай дәлел жоқ”, – делінген жауапта.
Министрлік мұндай ақпараттар Қазақстан мен Ресей арасындағы достық қарым-қатынасты бұрмалауға бағытталған негізсіз сөздер деп санайды. Екі ел арасындағы байланыс стратегиялық серіктестік және одақтастық негізінде дамып келеді.
“Қазақстан өз аумағы, әуе кеңістігі және инфрақұрылымы басқа мемлекеттерге қарсы бағытталған әрекеттер үшін пайдаланылмауы керек деген ұстанымда. Осыған байланысты БАҚ өкілдерін және басқа да тұлғаларды тексерілген ақпаратқа сүйеніп, жалған немесе расталмаған мәліметтерді таратпауға шақырамыз”, – деп мәлімдеді министрлік.



