Директорлар кеңесіне 1 млрд теңге сыйақы берген ҚТЖ басшысы қызметінен кетті
Талғат Алдыбергенов компанияның қарызы 4 трлн теңгеге жеткен тұста топ-менеджерлер мен директорлар кеңесіне 1 млрд теңгеден астам сыйақы тағайындап қоғамның сынына қалған еді.

«Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Талғат Алдыбергенов қызметінен босатылды, деп хабарлайды tiek.kz.
«Самұрық-Қазына» қоры арнайы хабарлама жариялады. Құжатта «Жалғыз акционердің шешімімен «Қазақстан темір жолы» ҰК акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Талғат Сағиұлы Алдыбергеновтің өкілеттігі тоқтатылды» делінген.
Бұрынғы төраға бұл жауапты лауазымды 2025 жылдың шілде айынан бері атқарып келген еді.
ҚТЖ басшысы Талғат Алдыбергенов компанияның қарызы 4 трлн теңгеге жеткен тұста топ-менеджерлер мен директорлар кеңесіне 1 млрд теңгеден астам сыйақы тағайындап қоғамның сынына қалған еді. Кейін ол сыйақы беру туралы шешімді компания басшылығы емес, директорлар кеңесі қабылдайтынын айтып ақталды.
Сондай-ақ, Премьер-министр Олжас Бектенов теміржол саласындағы транзиттік тасымал жоспарының қатты кешігіп жатқанына айрықша назар аударған еді. Үкімет басшысы бекітілген көрсеткіштерді уақытылы орындау жөніндегі жеке жауапкершілікті қатаң еске салды. Сонымен қатар жағдайды реттеу үшін шұғыл әрі қажетті шаралар қабылдауды тапсырған болатын.



