«Ірі бизнес пен олигархтардың мүддесін қорғайтын партия емеспіз» — ЖСДП төрағасының орынбасары
Қазіргі уақытта Астанада Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның (ЖСДП) кезектен тыс XXV Съезі өтіп жатыр.

Өздерін солшыл санап, іс жүзінде ірі бизнес пен олигархтардың мүддесін қорғайтындардан емеспіз. ЖСДП төрағасының орынбасары Тазабек Сәмбетбай съезд басталмас бұрын Tiek.kz сауалына осылай жауап берді.
Айтуынша, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы биліктің басты оппоненті. «Біздің басты ерекшелігіміз — солшыл орталық бағытындағы идеологиямыз. Басқа саяси күштер де өздерін «солшыл» деп атауы мүмкін. Алайда, егер солшылдар партиясын олигархтар мен ірі буржуазия, яғни алпауыт бизнес өкілдері басқарып отыр. Бұл әрине абсурд. Ондай партиялар түптің түбінде тек ірі бизнестің мүддесін қорғайды», — дейді ол.
Сондай-ақ ол алдағы саяси науқанғаүлкен дайындықпен бара жатқанын айтады.
«Жаңа Конституция қабылданып, елде жаңа саяси басқару жүйесі жүзеге асырыла бастады. Оның ең маңызды элементтерінің бірі — жаңа форматтағы Ұлттық құрылтай. Сондықтан бұл сайлау біздің партия үшін ерекше маңызға ие, өйткені қазір жаңа саяси негіздер қалыптасып жатыр. Сондай-ақ демократиялық және оппозициялық бағытымызға берікпіз. Билеуші ірі құрылымдардың позициясына қатысты өзіндік көзқарасымыз бен баламалы бағдарламамыз бар», — деп атап өтті ЖСДП төрағасының орынбасары.
Қазіргі уақытта Астанада Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның (ЖСДП) кезектен тыс XXV Съезі өтіп жатыр.
Еліміздің барлық өңірінен келген делегаттар мен партия басшылығы алдағы сайлауға қатысатын кандидаттардың тізімін бекітіп, саяси ұйымның сайлауалды бағдарламасын талқылауда.



