Әлеуметтік желіде 19 шілдеден бастап QR-кодпен төлемге тыйым салынады деген ақпарат тарап жатыр.
«RB Partners Academy» сарапшыларының түсіндіруінше, QR-ды пайдалануға тыйым салынады деген дау – «Үкіметінің 2021 жылғы 1 шілдедегі №457 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 13 мамырдағы №388 жаңа қаулысынан туындаған.
Қаулы осы жылдың 19 шілдесінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Сарапшыларының түсіндіруінше, бұл керісінше Қазақстанда қолма-қолсыз төлемдерді ыңғайлы әрі әділ ету үшін маңызды өзгерістер енгізіліп жатыр.
Негізгі өзгеріс неде?
Бұған дейін бизнес тек бір төлем түрін (POS-терминал немесе тек бір банктің QR-коды) қабылдауға құқылы болатын. Енді мұндай таңдау құқығы жойылды. Саудагерлер міндетті түрде үш нұсқаны бір уақытта қабылдауы тиіс:
Банктік карталар (POS-терминал);
QR-код;
Мобильді аударымдар.
Басты жаңалық — барлық банкке ортақ бірыңғай QR-код.
Енді сатып алушы кез келген банктің қосымшасы арқылы бір QR-кодпен төлем жасай алады. «Жеке шотыма аударыңыз» деген талап біртіндеп жойылады.
Кімдерге міндетті?
Қаулы бойынша қолма-қолсыз төлем қабылдау міндеті көптеген салаға таралады:
Бөлшек және көтерме сауда;
Мейрамхана, қонақүй, тамақтану және жеткізу қызметі;
Автосервис, туризм, сақтандыру;
Денсаулық сақтау, білім беру;
Шаштараз, сұлулық салондары, курьерлер, дизайнерлер, клининг және т.б.
Жеңілдіктер: Интернет және байланыс жоқ ауылдық жерлердегі бизнес;
Жылжымалы сауда нысандары (фудтрак, автодүкен, стритфуд және т.б.).
Жауапкершілік
Талапты орындамағандарға әкімшілік жаза қолданылады:
Бірінші рет — ескерту;
Қайталанса — 40-80 АЕК көлемінде айыппұл (173 000 — 346 000 теңге).
Не өзгереді?
Тұтынушылар үшін:
төлемнің бірнеше ыңғайлы нұсқасы болады.
Бизнес үшін: бірнеше QR-дың орнына бір бірыңғай QR жеткілікті, банктер арасындағы бәсеке күшейеді.
Қысқасы, 19 шілдеден бастап «мобильді аударымға тыйым» деген қауесет жалған.
Бұл — Қазақстанда қолма-қолсыз экономиканы дамытуға бағытталған кезекті қадам.



