«Саяси технологияларға салынып, жазылған сценариймен жүретін партия емеспіз»: Ауылдықтар интрига қумайтынын мәлімдеді
Егер саяси бәсекелестер тарапынан біздің ұстанымдарымыз бен бағдарламамызға қарсылық білдіріліп жатса, лайықты жауап беруге дайынбыз.

Бүгін Астанада «Ауыл» партиясының сиезі өтіп, құрылтай сайлауына түсетін кандидаттар тізімі бекітіліп, сайлауалды бағдарламасы қабылданды.
Сиезден кейін тілшіміз «Ауыл» өкілдерімен тілдесіп, өзге саяси ұйымдар саяси науқан алдында бір-бірін сынап-мінеп жатқанда «Ауыл» партиясы не істейді деген сауалға жауап іздеп көрген еді.
Партия төрағасының бірінші орынбасары Серік Егізбаевтың айтуынша, «Ауыл» саяси интригаларға ермейді әрі ешкімнің айтағымен жүрмейді.
«Біз өзімізге қарсылас іздемейміз. Партиямыз сайлауалды бағдарламамызда көрсетілген мақсаттар мен міндеттерді шешу жолдарын қарастырады. Әрине, егер саяси бәсекелестер тарапынан біздің ұстанымдарымыз бен бағдарламамызға қарсылық білдіріліп жатса, лайықты жауап беруге дайынбыз. Бірақ біз арнайы саяси технологияларға салынып, алдын ала жазылған сценариймен жүретін партия емеспіз.
Қазіргі уақытта біздің басты назарымыз — бізді қолдайтын сайлаушылардың, соның ішінде ауылдағы ағайындардың мүддесі. Сайлауалды бағдарламамыздың олардың көңілінен шығуы және халықтың мұң-мұқтажын толық қамтуы біз үшін өте маңызды. Оның өзектілігіне еш күмәніміз жоқ.
Осыдан бір-екі ай бұрын біз «Ауылым» атты үлкен жобаны бастап, жаңа цифрлық платформа құрған болатынбыз. Елдегі 6 мыңнан астам ауылды көркейту және тұрғындардың жағдайын жақсарту мақсатында жолданған сауалға халықтан 75 мыңнан астам ұсыныс келіп түсті. Саяси бағдарламамызды осы келіп түскен ұсыныстар мен халықтың шынайы мүдделерін негізге ала отырып қалыптастырдық.
Сондықтан біздің негізгі айырмашылығымыз — сайлауалды бағдарламамыздың нағыз қарапайым адамның, ең алдымен, ауылдағы ағайынның мүддесіне бағытталғандығында. Қазіргі таңда қала тұрғындарының жағдайы — инфрақұрылымы, жолы, баспанасы болсын — ауылдағы ағайындарға қарағанда едәуір жақсы екені жасырын емес. Осы орайда, біздің басты мақсатымыз бен іс-әрекетіміз — қала мен ауыл арасындағы өмір сүру деңгейінің алшақтығын азайту, ауыл халқының тұрмысын жақсарту, жаңа жұмыс орындарын ашу және тұрғындарды ауылда тұрақтандырып, ауылды сақтап қалу», — дейді Егізбаев мырза.
Бұған дейін «Республика» мен «Ақ жол» партиялары өзара саяси интрига жасап, бір-бірін мінеп-сынап жатқанын жазған едік. «Республика» өкілі Олжас Құсбек саяси қарсыластарын пониға теңеді.
Өз кезегінде «Ақ жол» өкілдері бұл теңеуге эмоцияналды түрде жауап қатты. Азат Перуашев әріптесіннің бұл сөзін саяси ұпай жинау, хаип десе, Қазыбек Иса пілге үрген канден деп жауап қатты. Тағы бірі блогер партия деп түйреп өтті.



