Мәдениет

Алматыда Ұлттық домбыра күніне орай «Домбыра – дастан» атты ауқымды концерт өтті

Алматы қаласында Ұлттық домбыра күніне орай қала әкімдігінің қолдауымен «Домбыра – дастан» атты ауқымды мерекелік концерт ұйымдастырылды. Алатау дәстүрлі өнер театрының ашық алаңында өткен мәдени шараға мыңдаған қала тұрғыны мен қонағы жиналып, қазақтың төл өнері мен ұлттық мәдениетінің мерейін асырған ерекше кештің куәсі болды.

Дәстүрлі өнер майталмандары мен эстрада жұлдыздары бір сахнада

Кеш барысында еліміздің танымал дәстүрлі әншілері мен эстрада өнерпаздары бір сахнада бас қосып, көрерменге ұлттық нақыштағы бай бағдарлама ұсынды.

Сахна төрінде «МузАРТ» тобы, Рамазан Стамғазиев, Айгүл Қосанова, Бағлан Бәбіжан, Тілеулес Құрманғалиев, Нұркен Әшіров, Ұлжан Байбосынова, Шолпан Даржанова, Мұрат Әбуғазы, Ардақ Исатаева, Ардақ Елеусіз, Тоғжан Үмбет, Еркін Шүкіман, Сая Махамбет, сондай-ақ «Қоңыр» тобы өнер көрсетті. Сонымен қатар, шараның сәнін «Құрманғазы» оркестрі мен «Салтанат» би ансамблі кіргізіп, ұлттық өнердің терең тамыры мен өміршеңдігін айшықтайтын әсерлі туындыларын орындады.

Ұрпақтарды тоғыстырған рухани кеш

Концерт барысында күй мен терме, халық әндері мен заманауи музыкалық шығармалар үндесіп, ұлттық өнердің дәстүрі мен бүгінгі тынысын тоғыстырған мазмұнды мәдени бағдарлама ұсынылды. Домбыраның күмбірлеген үні көрерменге халқымыздың тарихын, рухын, елдік мұратын және ұлттық бірегейлігін терең сезіндіріп, ерекше рухани әсер сыйлады.

«Домбыра – дастан» мерекелік концерті қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл күй мен жарқын эмоция сыйлады. Ашық аспан астындағы мәдени кеш ұлттық өнерді дәріптейтін маңызды алаңға айналып, түрлі буын өкілдерін ортақ рухани құндылықтар төңірегінде біріктірді.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button