«Елге нан табуға келген гастарбайтер»: ресейлік блогердің Қазақстан азаматтығын алуы желіде қарсылық тудырып жатыр

«Алға, Қазақстан!» YouTube арнасының авторы, ресейлік блогер Иван Червинскийдің Қазақстан төлқұжатын алғаны туралы жаңалығы әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Бірқатар оқырмандар блогерді құттықтап жатса, енді бір топ азаматтар бұл шешімге қатысты наразылықтарын білдіріп, құзырлы органдардан түсініктеме талап етуде , деп хабарлайды tiek.kz.
Бұл мәселеге қатысты дабыл қаққан желі қолданушысы Burahan Daqanov өз парақшасында Иванның елге келгеніне көп уақыт болмағанын (шамамен 3 жыл) алға тартып, оған азаматтықтың тым тез берілгенін сынады.
«Елге 2023 жылы келген мына Иван Қазақстан азаматтығын қалай алып жүр?? Қазақстан, қазіргі уақытта, елге нан табуға келген гастарбайтер түгіл, сырттан елім деп келген Қандастарға ықтияр хат, азаматтық беру деген дүниені тоқтатып, 5 жыл қандас статуспен тұрасың деген заң шығарып қойған. Ал келгеніне не бәрі 3 жыл болған мына Ресейлік, не қандас емес, бұрын соңды Қазақ еліне қатысы болмаған мынау Қазақстан азаматтығын қалай алды? Туысқанымен қауышу, әйелі Қазақстан азаматы болуы сынды дүниелер болғанның өзінде де, мына кісінің тез арада азаматтық алуы заңсыз деп білемін!!! Бұл не? Әлде Ресейден келсеңдер азаматтық бере береміз деген емеурінбе? Тіпті, Қазақстанда 5 жыл тұрды деген негізде берсе, онда Иран, Қытай, Ауған, Өзбекстаннан кеп 5—6 жыл ыһтияр хатпен жүрген, Азаматтықтала алмай жүрген мыңдаған қандас бар. Берсін соларға да азаматтыққ!!!
Қысқасы, арнайы құқық қорғау органдары осы кісіге «азаматтық берілген» тәртіпті тексерсін. Заңсыз берілгені анықталған болса, мына адамның, мың жерден блогер болсада ресми азаматтығынан айырып, елге дүрбелең салғаны және заңсыз азаматтық беріп жібергендерді қатаң жазалауын талап етемін!!!
Пы—сы: Кешеден бері осының, мен Азаматтық алдым деген виделсын жүздеген қандас жіберген шығар.. Сөздерін ай артынан келген… Ех. Соқыр, мылқау, керең болса ұлығым, арызымды кімге барып айтамын…», — деп жазған ол өзінің парақшасында.
Сол секілді Данияда тұратын этникалық қазақ, белгілі экономист Қажы Акпар Аюби де бұл мәселеге қатты қынжылыс білдірген. Айтуынша, бұл қазақтардың санын азайтып, өзге ұлттардың үлесін арттырып жатқандай әсер қалыптасады.
«Қос азаматтыққа болмайды» деген уәжбен Қазақстан билігі талай қазақты Қазақстан азаматтығынан айырып жатыр. Ал екінші жағынан, Қазақстан азаматы болуды қалайтын көптеген қазақтың жолына заңдық кедергілер қойылуда. Үшінші жағынан, Ресей азаматтарына Қазақстан азаматтығы беріліп жатқаны туралы ақпараттар да қоғамда тарап жатыр.
1990-жылдары шетелдегі қандастарды жаппай тарихи Отанына көшіру саясаты жүргізілді. Ол кезде қазақтардың үлесі ел халқының небәрі 49%-дан аспайтын. Бүгінде бұл көрсеткіш әрең дегенде 70%-ға жеткен шақта, қазақтардың санын азайтып, өзге ұлттардың үлесін арттырып жатқандай әсер қалыптасады.
P.S. Осындай жағдайларды көргенде, еріксіз: «Биліктің түпкі мақсаты қандай? Олар кімнің мүддесіне қызмет етіп отыр?» деген сауал туындайды», — дейді жазба авторы.
Ал экс-депутат Мұрат Әбенов бұл әрекетті «арандату» деп түсінгенін айтады.
«Иванға табылған паспортты Ибрай қандастарға қыймай қалдық па?
Үкіметтің ұлттық идеологиядағы қателігі емес па?
Шынымды айтайын мен қарсы емеспін талантты іскер адамдардың елімізге келетініне. Жалпы этносқа қарап алалауға қарсымын. Одан бөлек маған дәл бұл Иван блогердің контенті ұнайды — Қазақ елін жақсы насихаттап жүр.
Талантты , мәдениетті , ұлтымыздың салт дәстүріне құрметпен қарайды.
Мүмкін осындай “айрықша” жетістігі үшін заң бұзылған шығар?
Басқа кезде тез бермейтін еді паспортты шетелдің азаматтарына.
Бірақ …
Дәл осы кезде қандастарымыздың елге келуіне қиянат жасаған үкіметтің басшылары не ойлады екен.
Мына жаңалықты оқыған кезде биліктің басында қандастарымызға қарсы шешім қабылдаған басшылар әдейі істеп отыр ма деген сұрақ туындайды.
Қандастар түсінбейтін кирилицамен жазылған КазТест тапсырттық.
Ресейден келген Иван оны түсініп оңай тапсырған шығар, бірақ Қытайдан
мысалы қандастар тек 6 өңірде тұруы керек деп шектедік.
Ал Иван Астанамен Алматының төрінде жүр… Бұл қалай?
Араңдатушылық па?
Кемсіту ме?
Қазақ халқының стратегиялық болашағын ойлауда таяздық па?
Иван да келсін, елімізге шын қызмет жасаймын десе.
Бірақ Ибрайларды да шеттетпейік, ең болмағанда заңда қаралған ерекше артықшылығын пайдаланып оларда да уақытылы осылай қуанып Қазақ елінің паспортын алсын!», — деп атап өткен депутат.



