Қоғам

Павлодарда миллиардтаған мемлекет қаржысы жұмсалған су құбыры жарылып жатыр

Бұл нысанды Шығыс Қазақстан облысының «ҚазСуШар» мекемесі салған.

Осыдан тура бір апта бұрын порталымызда мемлекеттің миллиардтаған қаражатына салынып, су бере алмай тұрған сорғы бекеті туралы мәселе көтерген едік. Арнайы сюжетімізде Павлодар облысындағы «Жангөбек» серіктестігінің егіс алқабы 40 градус ыстықта сусыз қалып, шаруалар шырылдап отырғанын айтқанбыз.

Өкінішке қарай, жағдай оңалған жоқ, керісінше ушыға түскен сыңайлы. Бүгін дәл сол миллиардтарға салынған сапасыз нысанның құбыры жарылып, онсыз да тапшы болып, шаруаларға жетпей тұрған су далаға ағып жатыр. Бұл нысанды Шығыс Қазақстан облысының «ҚазСуШар» мекемесі салған.

«Таңертең біз екі алқапты суаруға қостық. Үшінші (екінші) алқап суарылып жатқан кезде, сорғы станциясындағы (насосный) қозғалтқыш қызып кетіп, өшіп қалды. Жағдайды тексеру үшін сорғы станциясына өзім бардым. Олар істен шыққан қозғалтқыштың орнына басқасын қосты. Менің көзімше станциядағы қысымды 4.6 – 4.7 атмосфераға дейін көтерді. Нәтижесінде екі суару қондырғысындағы қысым 2.2-ге дейін көтеріліп, суару жұмыстарын жалғастырдық.

Біз суаруды күндізгі сағат 13:00-де бастап, шамамен кешкі 18:00-ге дейін жүргіздік. Осы уақытта жарық өшіп қалды, сонымен қатар құбыр жарылды (порыв). Оқиға орнына Нұрлан Аспанович келген соң, сорғы станциясына бірге бардық. Сол жерге аудан әкімінің орынбасары мен ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы да келді. Оларға жағдайды түсіндіріп, барлық себептерді көрсеттік. Олардың көзінше жарық тағы өшіп, құбырдың жарылған жерінен су кетіп жатқаны анықталды», — дейді шаруашылық өкілдері.

Шаруалардың айтуынша, құзырлы мекемелер мен «ҚазСуШар» өкілдері мәселені «келесі апталарда шешеміз» деп уәде берумен уақыт созып келеді. Алайда оған дейін сапасыз салынған құбыр күн өткен сайын әрбір жерден жарылып, түгел жарамсыз болып қалатын сияқты.

Шаруалардың жанына бататыны –  Астана қаласының Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы (СПК) алдында үлкен міндеттеме алған. Олар келісім бойынша, елорда нарығындағы картоп бағасын тұрақтандыру үшін әлеуметтік дүкендер желісіне өнім жеткізуі тиіс. Алайда дәл қазіргі жағдайда қағазбастылық пен шенеуніктердің  жауапсызыдығының кесірінен Астана халқына арзан бағамен берілуі тиіс жүздеген гектар картоп алқабы толықтай қурап қалудың аз-ақ алдында тұр.

Осындай кедергілердің кесірінен зиян шегіп отырған «Жангөбек» ЖШС бұл тың жерді игеру үшін үлкен еңбек сіңірген. 35 жыл бойы егілмеген, белінен келетін арамшөп басқан даланы тазартып, миллиардтаған теңге инвестиция құйған. Бұл инвестицияның қайтарымы – 7 жыл. Былтыр қойманың жоқтығынан және күннің ерте суытуынан 80 гектар жердегі картоп үсіп кетіп, кәсіпкер үлкен минусқа кеткен. Содан сабақ алған шаруашылық биыл 150 мың халықты бір жыл бойы асырауға жететін, сыйымдылығы 10 мың тонналық зәулім көкөніс қоймасын салып жатыр. Қойма күзге дейін дайын болады, бірақ оған салатын өнім бола ма, жоқ па – үлкен сұрақ.

Мемлекеттің қыруар қаржысы желге ұшып, шаруаның еңбегі далаға кетпес үшін жауапты органдар қашан нақты іске көшеді? Әлде жарылған құбырмен бірге жауапкершілік те жуылып-шайылып кете ме?

Арнайы сюжеттің толық нұсқасын Tiek YouTube арнасынан тамашалай аласыздар.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button