«7 күннен бері ес-түссіз жатыр»: Баум тоғайында үстіне ағаш құлап кеткен қыздың жағдайы белгілі болды

Туған-туыстары ауыр жарақат алған 19 жастағы қыздың содан бері есін жимай жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жантүршігерлік жайт Алматыдағы Баум тоғайында болған.
Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы зардап шеккен бойжеткеннің жағдайы аса ауыр екенін растады. Ақ халаттылар оны өкпені жасанды желдету аппаратына қосып, тәулік бойы бақылауда ұстауға мәжбүр.
Сондай-ақ, науқасқа бірнеше рет қан және оның компоненттері құйылғаны айтылды.
– Дәрігерлер қыздың өмірін сақтап қалу үшін қажетті ем-шаралардың барлығын жүргізіп жатыр, – делінген басқарма ақпаратында.
Алматы қаласы әкімдігі аталған оқиғаға байланысты сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады. Әкімдік Баум тоғайының аумағында келушілерге ағаштардың құлау қаупі туралы ескертетін арнайы ақпараттық тақтайшалар орнатылғанын да мәлімдеді. Жыл соңына дейін тоғайдағы апатты жағдайда тұрған және қураған ағаштарды санитарлық кесу жұмыстары толық аяқталатыны туралы да дерек тарады.



