Иранның бұрынғы Жоғарғы көсемі аятолла Әли Хаменеидің мәйіті салынған табыт Тегерандағы «Имам Хомейни Мусалла» орталық мешітіне жеткізілді.
Иран астанасындағы ең үлкен діни кешен төрінде бес табыт тұр. Аятолла Әли Хаменеи сүйегі жоғарырақ, ал туыстарының мәйіттері оның қасына қойылды. Биыл ақпанның аяғында Тегерандағы резиденцияға жасалған соққыдан аятолламен бірге оның қызы, күйеу баласы мен немере қызы опат болған. Бес табыт та Иран туымен қапталған.
Иранның бұрынғы Жоғарғы көшбасшысы Әли Хаменеи 2026 жылдың 28 ақпанында АҚШ пен Израильдің әуе шабуылдары кезінде қаза тапқан болатын. Ол 1989 жылдан бері 36 жыл бойы елді басқарды.
Тегеранда басталған қоштасу рәсіміне Ирак, Түрікменстан, Ресей, Қытай және Армения делегациялары келді. Түрікменстан делегациясын Гурбангулы Бердімұхамедов бастап барса, Армения премьер-министрі Никол Пашинян да рәсімге қатысуда.
Хаменеи неге осы уақытқа дейін жерленбеді деген сұраққа Иран билігі бірнеше себеп келтіреді. Алғашында жерлеу рәсімі наурыз айына жоспарланған еді, алайда Ирандағы әскери жағдай мен қауіпсіздік мәселелеріне байланысты кейінге шегерілді. Сонымен қатар, билік миллиондаған адамның қатысуына дайындалу үшін инфрақұрылымдық жұмыстар жүргізгенін мәлімдеді.
Мемлекеттік жерлеу рәсімі бірнеше күнге жалғасады. Қоштасу шаралары Тегеран мен Қомда өтеді, одан кейін марқұмның денесі Ирактың шииттер үшін қасиетті Кербала және Наджаф қалаларына апарылады. Әли Хаменеи 9 шілдеде туған қаласы Мешхедтегі Имам Реза кесенесіне жерленеді.
Бұған дейін Иран мен АҚШ арасындағы келіссөздер Хаменеиді жерлеу рәсімдері аяқталғаннан кейін қайта жалғасуы мүмкін екені хабарланған болатын.



