Қоғам

«Ресейлік мамандар ионизация апараттарын қосқан»: Алтай Айнабек Алматыдағы арты селге ұласқан жаңбыр туралы қорқынышты болжам жасады

Өнертапқыштың айтуынша, Алматыда ресейлік мамандар ионизация апараттарын қосқан.

Кешеден бері Алматы жұртын әбігерге түсірген сел адам қолымен жасалған апат болуы мүмкін. Бұл туралы жұрт арасында «жаңбыр адам» атанып кеткен өнертапқыш, жаңбыр жаудыру технологиясының авторы Алтай Айнабек жазды, деп хабарлайды tiek.kz.

Өнертапқыштың айтуынша, Алматыда ресейлік мамандар ионизация апараттарын қосқан.

«Алматы қаласы мен облысында орын алып жатқан селдің (апаттың) себеп-салдарын шұғыл тексеру керек! Бұл жағдай адам қолымен жасалып отырған технологиялық әсердің салдары ықтималдығы өте жоғары.

Өйткені ТОО “Eco Almaty” мекемесі басшыларына бернеше ай бұрын ескерткеніміздей, “Алматы қаласының аумағында жауын-шашын деңгейін жоғарылату жұмыстары жергілікті рельефке байланысты өте қауіпті

Сонда да ресейлік мамандар ионизация апараттарын Алматыда қосқан деген ақпарат жоқ емес. Климат — сырт елдердің мамандары алаңсыз, жергілікті мамандарының қадағалауынсыз басқаратын өзгенің “ойыншығы” емес. Бұл өте қауіпті жағдай!», — деп жазған ол өзінің facebook парақшасында.

Кеше Алматы қаласының Наурызбай ауданында сел жүру қаупіне байланысты Ақсай өзенінің арнасынан тасып, маңайындағы тұрғындар қауіпсіз жерге көшірілген еді.

Кейін Еңбекшіқазақ ауданында нөсер жауын салдарынан Түрген өзеніндегі су деңгейі көтеріліп, бірнеше аумақты су басты. Облыстық төтенше жағдайлар қызметінің мәліметінше, су деңгейінің көтерілуі салдарынан Түрген – Ассы автожолының 25-шақырымын су алған. Сондай-ақ Түрген өзенінің «Түргенсай» демалыс аймағындағы туристер эвакуацияланған.

Ал бүгін таңертең Қарасай ауданына қарасты Жаңатұрмыс ауылындағы «Ақсай карьері» аумағының солтүстік-батыс бөлігіндегі топырақтың сырғуына байланысты төтенше жағдай жарияланды.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жақын маңдағы 9 жеке тұрғын үйдің тұрғындары уақытша қауіпсіз жерге көшірілді. Мамандар аумақты тексеріп, жағдайды тұрақтандыруға бағытталған қажетті жұмыстарды жүргізіп жатыр.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button