«Ауыл» мен «Әділет» бәскелес бола ала ма?»: партия төрағасы не дейді?
Партия болған соң, билікке келуді көздейтін амбиция болуы керек

Жуырда ғана «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының төрағасы болып сайланған Қайрат Айтуғанов ұйымның алдағы жоспарлары, кадрлық өзгерістер мен саяси амбициялары туралы пікір білдірді, деп хабарлайды tiek.kz.
Қысқаша сұқбат барысында басшылық қызметке жаңадан келген төраға партияның бағыт-бағдарын айқындап, алдағы сайлау кезеңіне дайындық барысымен бөлісті.
Төрағаның айтуынша, партия ішіндегі ауқымды модернизациялау процестері кеше ғана басталған жоқ. Түбегейлі өзгерістердің негізі 2023 жылы, ұйым Парламент Мәжілісіне өткен тұста басталып кеткен. Қайрат Айтуғанов бұған дейін 6 жыл бойы төрағаның орынбасары қызметін атқарғандықтан, бұл процестердің ішкі динамикасын жақсы білетінін жеткізді.
«Біз бұл жұмысты 2023 жылдан бастағанбыз, содан бері парламенттік партия мәртебесіне ие болдық. Төраға ретінде менің міндетім — сол кезден басталған үлкен өзгерістерді одан ары дамыту. Қазір нақты жоспарларымыз бар, орталық аппаратта бас қосып, осы бағыттарды жүйелі түрде талқылап жатырмыз», — деді партия жетекшісі.
Орталық аппаратта кадрлық ауыс-түйіс жүріп жатыр
Партияның ішкі құрылымындағы өзгерістерге тоқталған ұйым басшысы орталық аппараттың қалыпты режимде жұмыс істеп жатқанын, алайда оңтайландыру шаралары жүргізілгенін атап өтті. Жақында ғана екі орынбасар қызметінен босатылған. Қазіргі таңда басқару тобында төрағаның бірінші орынбасары, орынбасары және ақпараттық блокқа жауапты басшы қызмет атқаруда.
Қоғамды мазалаған маңызды сұрақтардың бірі — «Ауыл» партиясының кезекті съезінің мерзімі. Қайрат Айтуғанов съездің нақты уақыты ресми құжаттарға тікелей байланысты екенін түсіндірді.
Конституциялық заңнамаға сәйкес, Мемлекет басшысының Жарлығы шығып, сайлаудың ресми күні белгіленгеннен кейін ғана партияның жоғары органының жиыны жоспарланады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасы Құрылтайының сайлауын тағайындау туралы» жарлыққа кеше қол қойды. Президент қаулысында Құрылтай депутаттарын сайлау 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалғаны көрсетілген.
Сондай-ақ оқ саяси додадағы негізгі бәсекелестермен, соның ішінде «Әділет» секілді өзге де ірі партиялармен тайталаса алу мүмкіндігі туралы сұраққа жауап берді. Оның пайымдауынша, кез келген саяси ұйымның негізгі мақсаты өзге партиялармен бәсеке емес, мақсаты — ел дамуына ықпал ету және сайлаушылардың сеніміне ие болу.
«Партия болғаннан кейін, әрине, амбиция болуы керек. Негізінен барлық партиялар билікке келуді, өз бағдарламасын жүзеге асыруды көздейді. Бізде қазір дайын тұрған Ұлттық бағдарламамыз бар. Халық біздің ұсыныстарымызды, ел дамуының қалай болатынын осы бағдарлама арқылы көрсін, бағаласын», — деді Қ. Айтуғанов.
Сөз соңында партия жетекшісі нақты саяси салмақ пен сайлаушылардың қолдауы тек дауыс беру қорытындысы бойынша анықталатынын айтты.
Жаңа басшылықтың алғашқы үлкен сынағы мен халықтың шынайы таңдауының нәтижесі тамыз айының соңында белгілі болмақ.
Посмотреть эту публикацию в Instagram



