
Алматыда ауа-райының қатты ысып көтуі мен соңғы кезде тауға төпеп жауған жауын-шашын салдарынан Алматы маңындағы тау бөктерлерінде қар тез еріп, өзендердегі су деңгейі күрт көтерілді. Сол себепті сел жүріп, қатты су ағыны көпірді жұлып әкетіп, жолды шайып кетті, деп хабарлайды Orda.kz.
Сонымен қатар қала арқылы өтетін Үлкен Алматы өзені әл-Фараби атындағы ҚазҰУ маңындағы жағалаудан асып, тасып жатыр.
Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбаларда су ағыны асфальт жолды да бұзып кеткені көрінеді. Наурызбай ауданындағы өзен маңындағы аумақты су басып, лай, тас және ағаш бұтақтары келген. Жаяу жүргіншілер аймағының бір бөлігі су астында қалған.
Куәгерлердің айтуынша, оқиға орнында әскери қызметкерлер мен төтенше жағдайлар қызметінің мамандары кезекшілік атқарып, су деңгейін бақылауда ұстап отыр.
Қазіргі уақытта зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ.



