Қоғам

«Қатесін түсініп, қайта оқып жатыр»: Халық партиясының төрағасы өз елінің тарихын білмейтін ұлы үшін кешірім сұрады

Әлеуметтік желіде блогер Ибрагим Шоқановтың «біздің мектепте Қазақстан тарихын оқытпайды» деген бейнежазбасы тарап, біраз шу болған еді.

Қазақстан Халық партиясының төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов «Қазақстан тарихын оқымаймыз» деп шу шығарған ұлының қылығына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды tiek.kz.

Нұрсұлтан Шоқановтың айтуынша, ұлының бұл сөзін естіп өзі де таң қалған.

«Иә, бұл мәселе маған ертерек жеткен болатын. Әке ретінде ұлыммен сөйлестім, ол өз қателігін түсініп жатыр. Оның айтқан пікірін естігенде өзіміз де таңғалдық. Ол пікірдің дұрыс емес екенін мен де түсінемін, ұлым да түсінеді. Сондықтан ол халықтан кешірім сұрайды деп келістік, осымен бұл мәселеге нүкте қоямыз», — дейді Нұрсұлтан Шоқанов.

Айтуынша, ұлы оқитын мектепте Қазақстан тарихы пәні оқытылады. Ұлы барлығын лайк жинау үшін жасаған.

«Әрине оқыды. Бірақ ол блогер ғой, бағдарламада айтқан сөзі арқылы жай ғана лайк жинағысы келген. Оның айтқандары шындыққа жанаспайды. Қазір қателігін түсініп, тарихты қайта оқып жатыр», — деп атап өтті ол.

Әлеуметтік желіде блогер Ибрагим Шоқановтың «біздің мектепте Қазақстан тарихын оқытпайды» деген бейнежазбасы тарап, біраз шу болған еді.

Нақты айтар болсақ, «Қазақ хандығы қашан құрылды?» деген сауалға «Мен ағылшын мектебінде оқимын. Бізде Қазақстан тарихы пәні жоқ»,– деп жауап берген болатын блогер. Ол сондай-ақ өзінің Алматыдағы «Мирас» халықаралық мектебінде оқитынын айтқан.

Кейіннен оқушы-блогер Ибрагимнің белгілі тұлға Нұрсұлтан Шохановтың ұлы екені белгілі болды. Жақында Нұрсұлтан Шоқанов Қазақстан Халық партиясының төрағасы болып тағайындалды.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button