Павлодарлық шаруалар сусыз отыр
Мемлекет тарапынан миллиардтап қаржы бөлген жобалар қаңырап бос тұр.

Суару жүйесінің сапасыздығы мен мекемелер арасындағы салғырттықтан Павлодар облысындағы «Жангөбек» ЖШС-нің картоп алқабы құрып кету алдында тұр, деп хабарлайды tiek.kz.
Мемлекет миллиардтап қаржы бөлген жоба іс жүзінде жарамсыз болып шықты. Суаруға арналған 4 машинаның тек екеуі ғана жұмыс істейді. Егер төртеуін бірдей қосса, көршілес 3 ауылдың жарығы өшіп қалады. Нәтижесінде су қысымы төмен, егіске ылғал жетпей жатыр.
Бұл нысанды Шығыс Қазақстан облысының «ҚазСуШар» мекемесі салған. Енді оны Павлодар облысының теңгеріміне өткізу керек, алайда павлодарлықтар көптеген кемшіліктерге байланысты нысанды қабылдаудан бас тартып отыр.
«ҚазСуШар» РМК жобаларды жүзеге асыру департаментінің директоры Досхан Күзенбаев мәселенің техникалық шарттардан кеткенін алға тартады: «Техникалық жобаны жасаған кезде аудандық РЭС-тан техникалық условие алғанбыз. Егер сол кезде мекеме мына жерде күші жетпейді, сол себепті подстанцияны ауыстыру немесе қуатын күшейту жөнінде ұсыныс берілсе, біздер оны жобаға салатын едік. Олар осындай трансформаторға қосылуға болады деген техусловие беріп тұр. Сондықтан біз оған ешқандай шара қолдана алмаймыз, жобадан тыс қаражат бөле алмаймыз», — дейді ол.
Оның айтуынша, екінші насосты қосқанда ауылдың подстанциясының күші жетпейді. Ендігі шешімді жергілікті әкімдік пен РЭС мекемесі қабылдауы тиіс. Бірақ оның нақты қашан шешілетіні белгісіз.
Осындай жауапсыздықтың кесірінен шаруалар зиян шегіп отыр. «Жангөбек» шаруашылығының директоры Қайырлы Тәукеннің айтуынша, өнімнің 2 есе азаю қаупі төніп тұр.
«Бұл әңгіме осыдан 3 жыл бұрын болған-ды. Былтыр болған-ды. Биыл да. Көтереміз Жылда мәселе қылып көтереміз, бірақ түбегейлі шешілмейді», — дейді шаруашылық иесі Қайырлы Тәукен.
Алқаптағы топырақ ылғалдылығы тиісті 75-80%-дың орнына 20%-ға да жетпейді. 1 аптада су берілмесе, картоп түйнек салмайды және өнім 2 есе азаяды. Агрономдар судың жоқтығынан минералды тыңайтқыштарды да бере алмай отыр.
«Мына жерде 20 процент те жоқ. Бұл үлкен стресс. 1 аптаның ішінде су беріп үлгермесек, ары қарай түйнектерін көбейтіп үлгермейді. Орташа 15 болатын болса, енді 7-8 болуы мүмкін. 2 есе өнім аз келеді. Көргенде көзіме жас келіп тұр», – дейді Қозыкелді Зияев.
Шаруашылық агрономы Әзиза Байбосынова да егер суару уақытылы жүрмесе, ешқандай өнім ала алмай қалу қаупі жоғары екенін және минералды тыңайтқыштарды да бере алмай отырғанын айтады.
«Жангөбек» ЖШС бұл тың жерді игеру үшін үлкен еңбек сіңірген. 35 жыл бойы егілмеген, белінен келетін арамшөп басқан даланы тазартып, миллиардтаған теңге инвестиция құйған. Бұл инвестицияның қайтарымы – 7 жыл.
Былтыр қойманың жоқтығынан және күннің ерте суытуынан 80 гектар жердегі картоп үсіп кетіп, кәсіпкер үлкен минусқа кеткен. Содан сабақ алған шаруашылық биыл 150 мың халықты бір жыл бойы асырауға жететін, сыйымдылығы 10 мың тонналық зәулім көкөніс қоймасын салып жатыр. Қойма күзге дейін дайын болады, бірақ оған салатын өнім бола ма, жоқ па – үлкен сұрақ.
Ең қиыны, шаруашылықтың Астана қаласының Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы (СПК) алдында үлкен міндеттеме алған. Олар елорда нарығындағы картоп бағасын тұрақтандыру үшін әлеуметтік дүкендер желісіне өнім жеткізуі тиіс.
Толық нұсқасын Tiek YouTube арнасынан тамашалай аласыздар.



