Қазақстан Сенаты тарихтағы соңғы отырысын өткізді
ертең Палаталардың бірлескен отырысында кезекті сессиа ресми түрде жабылып, 1 шілдеден бастап жаңа Конституцияға сәйкес Парламенттің өкілеттігі тоқтайды.

Бүгін VIII шақырылымдағы Сенаттың төртінші сессиясының қорытынды жалпы отырысы өтті. Айта кетерлігі, бұл Сенаттың өз тарихындағы соңғысы болды. Себебі, 1 шілдеден бастап Мәжіліспен бірге оның орнын бірпалаталы Парламент – Құрылтай баспақ.
Күн тәртібінің басым бөлігі халықаралық келісімдерге қатысты болды. Сенаторлар Қазақстан мен Қырғызстанның Астана мен Бішкектегі елшіліктердің жұмысы үшін ғимараттар мен жер учаскелерін беруі туралы құжаттарды, сондай-ақ Өзбекстанмен арадағы ортақ шекарадағы өткізу пункттерінің жұмысы туралы келісімге енгізілген өзгерістерді мақұлдады.
Сонымен қатар Халықаралық қайта құру және даму банкімен және Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкімен жасалған екі қарыз туралы келісім қаралды. Қаражат бюджет тапшылығын жабуға бағытталады деп жоспарланған.
Сондай-ақ депутаттар топырақты қорғау туралы заңды және соған байланысты жер қатынастары мен агроөнеркәсіптік кешен бойынша түзетулерді қабылдады.
Тағы бір мәселе нотариаттық қызмет пен заң көмегі туралы заңнамаға енгізілетін өзгерістерге қатысты болды.
Сенаттың қорытынды отырысында сөз сөйлеген Мәулен Әшімбаев бүгін Парламент Сенатының 30 жылдық тарихындағы соңғы жалпы отырысы өткенін айтты. Оның сөзінше, ертең Палаталардың бірлескен отырысында кезекті сессиа ресми түрде жабылып, 1 шілдеден бастап жаңа Конституцияға сәйкес Парламенттің өкілеттігі тоқтайды.
Сенат Төрағасы тамыз айында бір палаталы Құрылтайға сайлау өтетінін айтып, осылайша 1995 жылғы Конституция негізінде құрылған қос палаталы Парламент өзінің тарихи миссиясын аяқтайтынын жеткізді.
Бұл – еліміздің саяси дамуындағы жаңа кезеңнің бастауы. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қабылданған жаңа Конституция мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртып, елдің одан әрі дамуына берік негіз қалайды. Бұл реформалардың түпкі мақсаты – Тәуелсіздікті нығайту, Әділетті Қазақстан құру және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру. Сондықтан қолға алынған өзгерістер елдің болашағына қызмет етіп, мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне жол ашады деп сенеміз, – деді Мәулен Әшімбаев.



