Қысым болып жатыр ма?»: Францияда фурор жасаған «Әбіл» фильмін отандық кинотеатрлар көрсетуге ниетті емес
Бірнеше халықаралық байқауларды мойындатқан туындыны өз көрерменіміз көре алмай қалуы мүмкін екен. Сценарий авторы әрі қоюшы-режиссері Елзат Ескендірдің өзі осылай дейді.

Францияда фурор жасап, аз уақыттың ішінде әлемнің белді сыйлықтарын алып үлгерген «Әбіл» фильмі көрерменге жол тартты, деп хабарлады tiek.kz.
Кеше Астанада фильмнің тұсауы кесіліп, көрермен назарына ұсынылды. Фильмде 1990-жылдардағы ауыл өмір арқау етілген. Совет одағы құлап, колхоз-совхоз тарап, мал-мүлік бөліске түсіп, елде приватизация орнаған кезеңдегі қиянатқа ұшыраған қарапайым адам тағдыры көрсетіледі.
Айта кетерлігі, көрермендер тарапынан «Әбілдің образына бір адамның ғана емес, тұтас қазақ халқының трагедиясы сыйғызылған туынды» екен деп жоғары баға алып жатқан туынды прокатка дейін үлкен сынақтан өтіп шыққан сыңайлы.
Алдымен фильм шықпай жатып билік тарапынан цензураға ұшырады. Басты рөлді ойнаған актер Ерлан Төлеутайдың айтуынша, Қазақстандағы жекешелендіру саясатын сынаған фильм біреулерге ұнамаған.
«Францияда екі ай прокатта жүрген «Әбіл» фильмі Қазақстанда екі күн жүрмей жатып, президент аппараты мен мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан қысымға түсе бастады. Олар Назарбаевқа қатысты фильмнің қысқа үзіндісін ғана көріп, сол тұсты мүлде кесіп, алып тастауға бұйрық беріпті», — деген болатын Ерлан Төлеутай БАҚ құралдарының біріне берген сұқбатында.
Мұндай қысымдар мен шектеулер әлі де жалғасып жатыр. Мұны тұсаукесерден кейін тілшіміздің шағын сұхбаты барысында режисер Елзат Ескендірдің өзі айтты.
Айтуынша, еліміздегі кинотеатрлар киноны көрсетуге қызығушылық танытпай отыр.
«Сондай бір қысым жұмыстары жүріп жатқанын байқаймыз. Сіздер көрсетілім уақытында залда отырғанда, біз сыртта болдық. Сол аралықта түрлі ақпараттар естідік, нақты жағдайларды көзімізбен көрдік. Бұл, әрине, жақсы жаңалық емес. Бірақ мен өнер тарихынан, қоғамның даму процесінен хабары бар азамат ретінде мұны рационалды түрде қабылдаймын. Әрине, бұған оң көзқараста емеспін, бірақ депрессияға да түспеймін», — дейді фильм режисері.
— Егер кинотеатрларға шықпай қалса, көрермендер оны қайдан көре алады?
— Оған нақты жауап бере алмаймын, жалған ақпарат беріп қоюым мүмкін. Бұл – продюсерлермен бірге толыққанды шешілетін мәселе.
— Фильмге қанша қаражат кетті?
— Бұл – мемлекеттен 100% қаржыландырылған фильм. 2022 жылы салықтарды қосқандағы жалпы бюджеті 320 миллион теңгені құрады.
— Ал актерлерді қайдан таптыңыздар? Байқауымызша, көбісі танымал емес актерлер сияқты…
— Менің мақсатым – барынша танымал емес актерлерді немесе мүлдем актер емес адамдарды қатыстыру болды. Уақыт болса, жаңа бет-бейнелермен жұмыс істегім келеді. Бірақ ол кезде өндіріс процесі өте қысқа болғандықтан, кәсіби актерлерді де қарадық. Дегенмен, өздеріңіз көріп отырғандай, фильмде аса танымал актерлер жоқтың қасы. Біз тек кейіпкерлердің характеріне сай келетін бейнелерді ғана таңдап алдық.
—Көрермен бұл туындыдан өзіне не ала алады? Режиссері әрі сценарий авторы ретінде не айтар едіңіз.
— Бұл фильм, ең бастысы, адам тағдыры, адам мен қоғам, адам мен мемлекеттің қатынасы жайында ойландыруы мүмкін. Ал көрерменнің нақты не алатыны туралы осы фильмді қабылдаған, ұнатқан адамдар – киносыншылар мен көрермендер айтқаны абзал. Өйткені мен оны тудырдым, үлкен кеңістікке жібердім, енді ол менен тәуелсіз өмір сүреді. Сондықтан бұл – көрерменнің талқысындағы дүние. Киносыншылар, социологтар, философтар, журналистер және жалпы өнерге қызығушылығы бар, өнер туралы айтары бар көрермендер өз бағасын беруі керек шығар деп ойлаймын.
Фильмнің әлемдік тұсаукесері 2024 жылы Busan International Film Festival аясында өткен болатын. Кейін картина Азия мен Еуропадағы 10-нан астам халықаралық кинофестивальдің бағдарламасына еніп 10 жүлдеге ие болды. Былтыр Франция прокатына шыққан туынды енді осы жылдың 25 маусымнан бастап Қазақстан кинотеатрларында көрсетіле бастады.
Фильмнің халықаралық деңгейдегі марапаттары:
Франциядағы Vesoul International Film Festival of Asian Cinemas фестивалінде Jury Grand Prize, Critical Jury Prize және NETPAC Jury Prize Bishkek International Film Festival фестивалінде «Үздік актер» жүлдесі;
Da Nang Asian Film Festival фестивалінде «Үздік әйел рөлі» жүлдесі;
Silk Road International Film Festival фестивалінде «Үздік ер адам рөлі» жүлдесі;
Dhaka International Film Festival фестивалінде «Үздік ер адам рөлі» және «Үздік операторлық жұмыс» жүлделері.
Франциядағы 17-UniverCine Nantes Film Festival фестивалінде Jury Prize және «Көрермендер ықыласы» жүлдесін жеңіп алған.



