Қоғам

Астана жұртшылығы сарбаз Ербаян Мұхтарды ақтық сапарға шығарып салды

Бүгін, 26 маусымда, Астанада әскердегі қызметі кезінде алған жарақатынан ұзақ уақыт емделіп, кейін қайтыс болған Ұлттық ұланның бұрынғы әскери қызметкері Ербаян Мұхтармен қоштасу рәсімі өтті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қоштасу рәсімі Шейх Кунта Қажы атындағы мешітте өтті. Ербаянды ақтық сапарға шығарып салуға жүздеген адам – туған-туыстары, жақындары, достары және оған жанашыр болған қазақстандықтар жиналды.

Сондай-ақ, рәсімге бір автобуспен келген Ұлттық ұланның өкілдері мен әскери қызметшілері қатысты. Алайда олар журналистердің сұрақтарына жауап беруден бас тартты.

Ер адамдар жаназа намазын оқып, кейін Ербаянның мәйіті жерлеу үшін зиратқа жеткізілді.

Еске салсақ, Ербаян Мұхтар әскери қызмет кезінде ауыр жарақат алып, кейін ұзақ уақыт бойы емделген еді. Оның жағдайы қоғамда кеңінен талқыланып, қазақстандықтар әскери бөлімдегі оқиғаның мән-жайын анықтауды талап еткен болатын. 23 маусымда 23 жастағы Ербаян Мұхтар Астанадағы Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығында қайтыс болды.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button