Экономика

«Ресей Қазақстаннан бензин сұраған жоқ» – Энергетика министрі

Ресми өтініш түскен жоқ. Егер мұндай сұраныс келіп түссе, оны қарайтын боламыз.

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Ресейдің Қазақстаннан бензин жеткізуді сұрап ресми түрде өтініш жасамағанын мәлімдеді, деп хабарлайды tiek.kz.

Парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін журналистердің сұрағына жауап берген министр бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында Ресейдің Қазақстаннан шамамен 50 мың тонна бензин импорттау туралы келіссөз жүргізіп жатқаны жөнінде тараған ақпаратқа түсініктеме берді.

«Қазіргі уақытта ресми өтініш түскен жоқ. Егер мұндай сұраныс келіп түссе, оны қарайтын боламыз», – деді Ерлан Ақкенженов.

Министр сондай-ақ Қарашығанақ кен орнында газ өндіру көлемі тәулігіне 34 мың тоннадан 25 мың тоннаға дейін қысқарғанын айтты. Оның сөзінше, қабылданатын газ көлемі 9 мың тоннаға азайғанымен, бұл елдегі газбен қамтуға әсер етпейді.

«Бүгінде Қазақстан бойынша газ жеткізу бұзылған жоқ. Біз барлық міндеттемелерімізді толық көлемде орындап отырмыз», – деді министр.

Ресей Қазақстаннан АИ-92 бензинін сатып алу мәселесін талқылап жатыр деген ақпарат тараған еді.

Reuters агенттігіне сүйеніп бірқатар басылымдар Ресей 50 мың тонна АИ-92 бензинін жеткізу жөнінде келіссөз жүргізіп жатыр деген ақпарат таратқан.

Маусым айында Украина тарапының Ресейдегі мұнай өңдеу зауыттарына жасаған шабуылдары күшейіп, бірқатар өңірде жанар-жағармай тапшылығы байқалған. Reuters дерегіне сәйкес, Ресейде бензин өндірісі шамамен 25 пайызға қысқарған. Осыған байланысты екі ел арасында жанармай айырбастау нұсқасы қарастырылып жатқанын айтады. Яғни, Қазақстан Ресейге АИ-92 бензинін беріп, оның орнына авиациялық отын алуы мүмкін.

Сол секілді «Медуза» басылымы да елдің кемінде 20 аймағында бензин сатуға шектеу енгізілгенін хабарлады. Дереккөздердің айтуынша, Қазақстанның жанармай өндірісі Ресеймен салыстырғанда төмен болғандықтан, ел үлкен көлемде бензин жеткізе алмайды.

Қазіргі уақытта Қазақстанда бензин қоры жеткілікті болғанымен, 26 маусым мен 20 шілде аралығында Атырау мұнай өңдеу зауытында жоспарланған жөндеу жұмыстары қор көлеміне әсер етуі мүмкін.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button