Әлем

Венесуэладағы жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 200-ге жуықтады

Венесуэланың солтүстігіндегі жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 188 адамға жетті.

Тағы кем дегенде 1520 адам түрлі дәрежедегі жарақаттар алды.

Жаңартылған мәліметтерді Венесуэла Ұлттық ассамблеясының төрағасы Хорхе Родригес мәлімдеді.

Оның айтуынша, 157 адам хабар-ошарсыз кеткендер тізімінде. Сонымен қатар, табиғи апат салдарынан қираған ғимараттардың үйінділері астында әлі де 200-ден астам адам қалып қоюы мүмкін деген болжам бар.

Құтқару қызметтері зардап шеккен аймақтарда іздестіру-құтқару жұмыстарын жалғастыруда. Алайда, бұл жұмыстар жаппай қираулар мен зақымдалған нысандардың тым көптігінен қиындап отыр.

Биліктің алдын ала бағалауынша, жер сілкінісі 250-ге жуық ғимаратты толық немесе ішінара қиратқан. Табиғи апаттың салдары шамамен үш мыңдай отбасыға әсер етті.

Бұған дейін билік өкілдері 164 адамның қаза тапқанын және 971 адамның зардап шеккенін хабарлаған болатын, бірақ үйінділерді тазалау барысында құрбандар саны әлі де өсіп жатыр.

Еске сала кетейік, 25 маусымға қараған түні Венесуэланың солтүстігінде қуатты жер сілкінісі болды. Алғашында жерасты дүмпуінің магнитудасы 7,1 болғаны хабарланған еді. Кейінірек АҚШ Геологиялық қызметі шамамен 40 секундтық аралықпен магнитудасы 7,2 және 7,5 болатын екі бірдей қатарлас жер сілкінісін тіркеді.

Табиғи апаттың ауыр салдарына байланысты Венесуэла билігі елде төтенше жағдай режимін жариялады.

Бақ.кз

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button