Оқиға
Тренд

Павлодарда тікұшақ апатқа ұшырады.

Бортта 8 адам болған. 

Павлодар облысында «Қазавиақұтқару» компаниясына тиесілі Ми-8 АМТ тікұшағы апатты жағдайда қонды, деп хабарлайды tiek.kz.

Бортта 8 адам болған.

Оқиғаға жоғалған адамды іздеуге қатысып жүрген Vita іздестіру жасағының еріктілері куә болған. Айтуларынша, тікұшақ жер бауырлап ұшып келіп, жерге қонған. Қисайып қонғандықтан қалақтары жан-жаққа ұшып, құйрық бөлігі үзіліп, шассиі зақымданған.

«Адамдар салоннан айқайлап шығып жатты. Көпшілігі тікұшақ өртеніп кете ме деп қорықты. Біздің жігіттер оларға алғашқы көмек көрсетті», – деді Vita жасағының өкілдері.

Көлік министрлігінің баспасөз қызметі оқиғаның 24 маусым күні Павлодар маңындағы Заря ауылының маңында болғанын хабарлады.

Ведомство мәліметінше, Ми-8 АМТ тікұшағы іздестіру-құтқару жұмыстарын орындау кезінде қатты қонған. Бортта 5 экипаж мүшесі және 8 жолаушы болған. Барлығы аман.

Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, тікұшақ 1950 жылы туған ер адамды іздеу бойынша құтқару операциясына жұмылдырылған.

Алдын ала ақпаратқа сәйкес, ер адам балық аулауға барған кезде мотоциклі аударылып, аяғын жарақаттап алған. Осыдан кейін ол көмек сұраған.

Іздестіру жұмыстары тәулікке жуық уақыт бойы жүргізілді. Оған жердегі құтқару күштері мен еріктілер тартылған. Нәтижесінде жоғалған азамат табылып, оған қажетті медициналық көмек көрсетілді. Қазіргі таңда оның өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ.

ТЖМ мәліметінше, «Қазавиақұтқару» АҚ-ның тікұшағы Байдала ауылынан шамамен 8 шақырым жердегі ашық далаға апатты жағдайда қонуға мәжбүр болған. Ұшақ бортында экипаж мүшелері мен құтқарушылар болған. Олардың барлығы аман, қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ.

Қазіргі уақытта тікұшақтың мәжбүрлі қонуына байланысты оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button