Венесуэлада жер сілкінді
Ел билігі төтенше жағдай жариялады. АҚШ Геологиялық қызметі (USGS) табиғи апаттан қаза тапқандар саны 100 мың адамға жетуі мүмкін екенін ескертеді

Венесуэлада бірінен соң бірі екі бірдей жойқын әрі қиратқыш жер сілкінісі болды. Ел астанасы Каракаста тұрғын үйлер қирап, мемлекетте төтенше жағдай жарияланды. АҚШ Геологиялық қызметі (USGS) табиғи апаттан қаза тапқандар саны 100 мың адамға жетуі мүмкін екенін ескертеді, деп хабарлайды DW.
Стихия сәрсенбі күні, 24 маусымда түстен кейін соққы берді. Сейсмологтардың мәліметінше, елдің солтүстік және орталық бөлігінде арасына минутқа жетпейтін уақыт салып екі қатты жер асты дүмпуі тіркелген.
Бірінші соққының магнитудасы 7.2-ні құрады. Оның эпицентрі жағалаудағы Морон қаласынан 28 шақырым жерде (Каракастан шамамен 168 шақырым), ал ошағы 13 шақырым тереңдікте орналасқан.
Магнитудасы 7.5-ке жеткен екінші соққы іле-шала сезілді. Эпицентр бұл жолы Моронға жақынырақ ығысып (16 шақырым), ошағы 10 шақырым тереңдікте болған.
Негізгі дүмпулерден кейін елде кем дегенде 20 афтершок (қайталанған дүмпу) тіркелді.
Венесуэла Президентінің міндетін атқарушы Делси Родригес елде төтенше жағдай режимі енгізілгенін жариялады. Билік қаза тапқандар мен зардап шеккендер туралы ресми мәліметтерді әлі ұсынған жоқ, алайда халықаралық сарапшылардың болжамы қорқынышты болып тұр. USGS бағалауынша, қирау ауқымы құрбандар саны 10 000-нан 100 000 адамға дейін жетуі мүмкін екенін көрсетеді.
Елдің Ішкі істер министрі Диосдадо Кабельо төтенше жағдайлар қызметі мен полицияның «барлық қолжетімді құралдармен» үйінділерді тазалауға жұмылдырылғанын мәлімдеді. Инфрақұрылымның зақымдануына байланысты Каракастың халықаралық әуежайы толығымен жабылды, ал ел парламенті бейсенбіге жоспарланған отырысын тоқтатты.
Әлеуметтік желілерде Ла-Гуайра портты қаласы мен астанадан қираған сәттердің кадрлары тарап жатыр. Оқиға куәгерлері шошитындай көріністерді сипаттауда: көптеген көпқабатты тұрғын үйлердің сыртқы қабырғалары құлап, пәтерлердің іші ашық қалып қойған. Адамдар жаңа дүмпулерден қорқып, үйлерін үрейлене тастап шығуда.
Венесуэла сейсмикалық белсенділігі жоғары аймақта — Кариб және Оңтүстік Америка тектоникалық плиталарының түйіскен жерінде орналасқан.
Бастапқыда АҚШ-тың Цунамиден ескерту орталығы жақын маңдағы аралдарға (соның ішінде Пуэрто-Рико мен Арубаға) қауіп төнгенін хабарлаған, бірақ бір сағаттан кейін бұл ескерту алынып тасталды. Ресейдің Каракастағы елшілігі өз ғимараттарының зақымдалмағанын, қызметкерлердің штаттық режимде жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді.



