«14 мың Ресей азаматы өткен қазақ тілі сынағынан өз қазағымыз неге өте алмайды? » — Мәжіліс депутаты
Қалайша үш айда 14 мың Ресей азаматы қазақ тілінен тест тапсырып өтеді де, өз қазағымыз өте алмайды? Бұл ақылға сыймайды!

Қазақстанның көші-қон саясатында түсініксіз реверс басталғандай. Сырттағы бес миллион қазақты атажұртқа жинау – мемлекетіміздің Конституциямен бекітілген басты стратегиялық бағыттарының бірі. Алайда, соңғы айларда Үкімет тарапынан енгізілген «пилоттық жобалар» мен жасырын тосқауылдар бұл үдерістің тамырына балта шаба бастаған. Осылай деп атап өткен Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Премьер-министр Олжас Бектеновтің атына шұғыл мәлімдеме жасап, қандастардың құқығы аяққа басылып, ұлттық мүддеге нұқсан келіп жатқанын айтып мәселе көтерді, деп хабарлайды tiek.kz.
Кімге есік ашық, кімге жол жабық?
Депутат келтірген ресми статистикалық мәліметтер ел естімеген сорақылықтың бетін ашты. Үш министрліктің өзара келісімімен, ешқандай қоғамдық талқылаусыз және алдын ала хабарландырусыз енгізілген жаңа ережелер қандастар ағынын екі есеге қысқарған.
«Егер өткен жылдың алғашқы жартыжылдығында атамекенге оралып, ресми «қандас» мәртебесін алған бауырларымыздың саны 6 600 – 6 700 адамға жеткен болса, ағымдағы жылдың дәл осы кезеңінде бұл көрсеткіш екі есеге жуық төмендеп, небәрі 3 300 адамды ғана құраған. Яғни, атажұртқа бет түзеген қазақтардың саны қолдан жасалған кедергілердің кесірінен күрт азайып кеткен», — дейді депутат.
Есесіне соңғы үш айдың ішінде ғана Ресей Федерациясының 14 мыңға жуық азаматы Қазақстаннан тұрақты тұру рұқсатын (ВНЖ) алып үлгерген. «Оларға 10 жыл бойы ел аумағында емін-еркін тұруға, заңды жұмысқа орналасуға, жылжымайтын мүлік сатып алуға толық мүмкіндік беріліп отыр.
Үкімет «шетелдіктер үйінен шықпай-ақ, электронды қосымша арқылы интернетпен бірден тіркеле алады» деп мақтанғанымен, өз қандастарымызға келгенде заңдық тұрғыдан қатал қыспаққа алғаны қоғамда үлкен наразылық тудыруда. Неге біз өз бауырларымызға қиындық туғызып, өзге мемлекет азаматтарына ресми тұрғыда құқықтарды оңай үлестіріп жатырмыз?», — дейді ашынған депутат.
«Қазтест» – қандастарды шеттету құралы ма?
Жаңа пилоттық жоба аясында елге келетін қандастарға «Қазтест» жүйесі арқылы емтихан тапсыру міндеттелген. Бұл талаптың астарында үлкен әділетсіздік жатыр. Себебі, бұл емтихан базасы кезінде посткеңестік кеңістіктен келетін, орыс тілін жақсы білетін азаматтарға арналып, кириллица графикасында немесе ағылшын тілінде дайындалған. Мұрат Әбеновтің айтуынша, бұл үлкен кедергі.
«Қытайда, Өзбекстанда немесе Түркияда тұратын қазақтар ана тілінде өте таза сөйлейді. Бірақ олар кириллицаны білмейді! Олар жүйені ашқанда түсініксіз, бәрі кириллицамен жазылған деп ренжіп жатыр. Сонда біз өз қандастарымызға қолдан қиыншылық туғызып отырмыз ба? Қалайша үш айда 14 мың Ресей азаматы қазақ тілінен тест тапсырып өтеді де, өз қазағымыз өте
алмайды? Бұл ақылға сыймайды!», — дейді Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов
Өңірлік шектеулер қанастарды туысқандық қолдаудан айырады
Үкімет тарапынан қойылған тағы бір үлкен тосқауыл – қандастардың қоныстану географиясын күштеп шектеу. Бүгінде шетелден келген ағайынға Алматы, Шымкент, Қарағанды, Талдықорған сияқты ірі қалалар мен орталық, оңтүстік өңірлерге қоныстануға ресми түрде тыйым салынған. Тек қана солтүстіктегі 5-6 облыс белгіленіп, «осы жерге барсаң ғана құжат аласың, тек мынадай жұмыс істейсің» деген қатаң шектеу қойылған.
Ресми дерек бойынша, елімізге тәуелсіздік жылдары 1 миллион 600 мың қандас келсе, олардың қазіргі табиғи өсімі мен жақындарын қосқандағы саны 3 миллионға жуықтап қалды. Шетелдегі ағайынды осы елдегі туыстары ешқандай мемлекеттік жәрдемақысыз-ақ, өз үйімен, өз жұмысымен қамтамасыз етуге дайын.
«Маған мемлекеттің ақшасы керек емес, тек заңды құжатымды беріңдер, мен Қарағандыға, Жезқазғанға не Көкшетауға барып өз күнімді көремін» деген қазаққа Үкімет неге жағдай жасамайды?
Білікті кадрлардан айырылып жатырмыз
«Қазіргі таңда, әсіресе Қытай Халық Республикасынан келетін қазақ жастарының білім сапасы өте жоғары. Қытайдағы мектеп бағдарламасы бойынша математика, химия, физика және IT саласы халықаралық олимпиадаларда алдыңғы орындарда. Ондағы колледждер мен университеттер ірі зауыт-фабрикалармен тікелей байланысып, жоғары деңгейлі техникалық мамандар даярлайды. Олар Қазақстанға келіп, өндіріс орындарын ашып, инвестиция құюға ниетті.
Алайда, министрлік шенеуніктерінің «Мамандығы сай келмесе, ұлтына қарамаймыз, қабылдамаймыз» деген жауапсыз мәлімдемелері заңға да, ұлттық мүддеге де қайшы келеді», — дейді Әбенов.
Сондай-ақ ол Үкімет басшысының осы тұрғыдағы жеке жауапкершілікті сезінуі тиіс екенін әрі бүгінгі күрделі геосаяси жағдайда бізге халықтың санын көбейту, ұлттық бірегейлікті сақтау және ішкі демографияны нығайту ауадай қажет екенін түйсіну қажет екенін айтады.
Сырттағы бауырларымыз Өзбекстанда, Моңғолияда, Қытайда үйін сатып, жұмысын тастап, тәуекелмен атажұртқа келгенде, бюрократиялық пилоттық жобалармен оларды шеттету – үлкен қателік.
Осылай деп атап өткен Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Премьер-министр Олжас Бектеновтен мынадай шұғыл шараларды талап еткен:
Қандастардың құқығын шектейтін, олардың санын азайтқан сәтсіз «пилоттық жобаны» тез арада тоқтату;
Шетелдік мигранттар мен атажұртына оралған қандастарды бір деңгейге қоймай, екі бағдарламаны екіге бөлу;
Қандастар үшін жеке мемлекеттік портал (сайт) және олардың ана тілін, графикалық ерекшелігін ескеретін бөлек емтихан (бейімдеу) жүйесін жасау;
Мемлекеттен қаражат талап етпей, өз күшімен қоныстанғысы келетін қандастарға өңірлік шектеулерді алып тастау.
«Үкімет басшысы Олжас Бектенов бұл мәселені жеке бақылауына алып, министрліктердің халық наразылығын тудырған заңсыз әрекеттеріне тоқтау салуы тиіс. Ұлттық көші-қон саясаты өзге елдің азаматтарына емес, бірінші кезекте өз қандастарымызға қызмет етуі керек», — дейді депутат.



