Әскерде ауыр жарақат алған Ербаян Мұхтар көз жұмды
Ербаян Мұхтар 27 маусым күні 24 жасқа толуы тиіс еді.

Әскерде ауыр жарақат алған Ербаян Мұхтар көз жұмды, деп хабарлайды tiek.kz.
Марқұмның отбасының адвокаты, кеше кешкісін Астанадағы Ұлттық шұғыл медициналық көмек көрсету үйлестіру орталығының дәрігерлері Ербаянның жүрегі тоқтағанын хабарлағанын жеткізді.
«Маған жарты сағат бұрын Ербаянның ата-анасы хабарласты. Оларға ауруханадан қоңырау шалып, оның жүрегі тоқтап қалғанын айтқан. Ата-анасы ауруханаға енді ғана жетіпті. Осылайша, бұл ақпарат расталды. Не айтарымды да білмеймін… Біз Ербаянның отбасымен бірге екі жыл бойы оның өмірі үшін күрестік. Қазір қандай күйде екенімді сөзбен жеткізу өте қиын…», – деді адвокат Инга Иманбай.
Денсаулық сақтау министрлігі Ұлттық ұланның бұрынғы әскери қызметшісі Ербаян Мұхтардың қайтыс болғанын растады.
«Дәрігерлер үш жылға жуық уақыт бойы науқастың өмірін сақтап қалу үшін күресті. Алайда алған аса ауыр жарақаттары мен бас миында орын алған қайтымсыз өзгерістер оның өмірімен үйлеспейтін жағдайға әкелді», – делінген хабарламада.
Дәрігерлердің айтуынша, оның жүрегі үш рет тоқтап, қайта соққанымен, кешкі сағат 21:00 шамасында біржола тоқтаған.
Ербаян Мұхтар 27 маусым күні 24 жасқа толуы тиіс еді.
Еске салсақ, ол 2023 жылдың желтоқсанында Ұлттық ұлан қатарында мерзімді әскери қызметін атқару кезінде ауыр бас-ми жарақатын алған болатын. Содан бері ұзақ уақыт бойы ем қабылдап келген еді.



