Қоғам
«КСРО халқы «Германиямен жалғыз өзіміз соғыстық» деген мифпен өмір сүрді» — журналист
КСРО-ның мақтанышы болған «Москвич», «Волга», «Жигули» көліктері өздігінен туған жоқ. Олар батыстың (Ford, Fiat, Opel) технологияларының көшірмесі еді. Соны еш өзгертпестен, дамытпастан 70 жыл бойы шығарып келді.

КСРО халқы Германияны жалғыз өзі жеңді ме?
Расы керек, бізге дейінгі буын «КСРО Германиямен жалғыз өзі соғысты» деген мифпен өмір сүрді.
Мектеп қабырғасынан бастап, кино мен кітаптардан «КСРО фашистік Германияны жалғыз өзі талқандады, күллі әлемді құтқарды» деп үйретті. Бұл әлі күнге дейін жалғасып келеді.
Соғыстың алғашқы жылдары Кеңес әскері аш-жалаңаш, қолында дұрыс қаруы жоқ, Мәскеуге дейін шегініп, тізе бүгудің аз-ақ алдында тұрды. Сталиннің зәресі ұшып, не істерін білмей тығырыққа тірелген сәт. Міне, дәл осындай масқарадан КСРО-ны кім алып шықты? Батыстың әскери көмегі — Лэнд-лиз (Lend-Lease)!
Дәл қазіргі Украинаның жағдайы сияқты, бүкіл Еуропа мен АҚШ жабылып, соғыс өрті шарпыған КСРО-ға қол созды. Ататын мылтығы, жейтін наны, тіпті тартатын шылымы жоқ елге миллиардтаған қаржы, миллиондаған техника ағылды.
Ал шын мәнінде КСРО билігінің өмір бойы жасырып келген, айтуға жасқанған ең үлкен құпиясы мынадай еді:
Тонналаған болат, шойын, авиациялық жанармай мен дайын танк жобалары жеткізілді.
Кеңес соғыс машинасын алға сүйреген атақты «Студебекер» жүк көліктері мен «Аэрокобра» ұшақтары түгелдей Американікі еді.
Қызыл әскер американдық бұқтырылған ет (тушенка) пен киген етігі болмаса, аштық пен суықтан қырылып қалар еді.
Бұл көмекті соғыс біткен соң да КСРО билігі «ұмытып» қалды.
Соғыстан кейін қираған совет қалаларын қайта тұрғызуға тағы да сол батыс мамандары жетекшілік етті. Бүгінде орыстың мақтанышы болып отырған небір зәулім архитектуралық нысандар мен геологиялық құрылыстар — батыс технологиясы мен инженерлерінің еңбегі.
Сол секілді КСРО-ның мақтанышы болған «Москвич», «Волга», «Жигули» көліктері өздігінен туған жоқ. Олар батыстың (Ford, Fiat, Opel) технологияларының айнытпас көшірмесі еді. Соны еш өзгертпестен, дамытпастан 70 жыл бойы шығарып келді.
Ең сорақысы, КСРО билігі осы орасан зор көмекті, миллиардтаған долларлық қолдауды халықтан өмір бойы жасырды. «Ұлы жеңістің» артында миллиардтаған американдық доллар мен батыстың озық технологиясы тұрғанын айта алмады. Керісінше көмек берген батысты соғыстан кейін бірден «жау» деп жариялады.
Шыны керек, егер сол кездегі батыстың коалициясы, гуманитарлық және әскери көмегі болмаса, тарих мүлдем басқа арнамен кетер еді.
Журналист Бүркіт Нұрасылдың facebook парақшасынан



