«Аман-сау алып кетіп, мәйітін әкелдіңдер»: Мұстафа Өзтүріктің қазасын түріктер қалай қабылдады?
«Мүмкін бұл жақта жүргенде тірі болар ма еді» деп те ойлайсың, бірақ бәрі Жаратқанның әмірімен болады.

Атақты спортшы Мұстафа Өзтүріктің қазасын түріктер қалай қабылдады? Оның сүйегін Түркияға апарғандар неге жылады? Тілшіміз Ауғанстанға барған сапары барысында кезінде атақты спортшының көршісі болған Амидолла Тұрдыбекұлы есімді кәсіпкермен жолығып әңгімелесіп қайтқан еді.
Кәсіпкердің айтуынша, Мұстафа Өзтүріктің қазасын күллі Түркия жұрты ауыр қабылдаған. Ең қиыны, «ата жұртым» деп Қазақстанға келген спортшының денесін туған жеріне алып барғандарға «Аман-сау алып кетіп, мәйітін алып келдіңдер» деп қатты кейістік білдірген екен.
«Ол кісі бұрынырақ Зәйтүнбұрын деген жерде тұрды. Біздің мақтанышымыз болған, өте жоғары дәрежедегі азамат еді. Спорт саласына, оның ішінде қазақтарға ғана емес, бүкіл түркі тілдес бауырларға көп үлесін қосып, көмегін тигізді. Жасымыз елуден асса да, бұл қаза жүрегімізге ауыр тиді. Жаратқанның жазуы солай болды.
Бізге түріктердің айтқан бір сөзі өте ауыр тиген еді. Мәйітті әуежайға апарып жатқан кезде олар: «Бұл жігітті бізге аман-сау алып келіп едіңдер, енді өлігін алып бара жатырсыңдар, аман-сау жетіңдер!» деді. Негізі ол кісі Германияда да тұрған, ешкімге зияны тимеген жақсы ағамыз еді. Ол жақта нақты не болғанынан толық хабарым жоқ. Ол кісінің сүйегін Түркияға апарғанда мен өзім болған жоқпын, бірақ барған ағаларым болды. Олар осы сөзді естігенде жылап жібергендерін айтты. Өмір болған соң, ажалы толғанда бір себеп болады екен. «Мүмкін бұл жақта жүргенде тірі болар ма еді» деп те ойлайсың, бірақ бәрі Жаратқанның әмірімен болады.
Ол кісі қандай адам еді десеңіз, адамгершілігі мол, өте ақылды, парасатты және әр нәрсені тереңнен ойлайтын тұлға болатын. Әсіресе қазақ халқы мен түркі тілдес бауырлары үшін жанын беруге дайын еді, үнемі «елім, жерім» деп жүретін. Бұған жүз пайыз кепілдік бере аламын. Менің ағаларым, соның ішінде Нұрекеңдер де, сол кісінің қол астында бірге спортпен айналысқан болатын», — дейді Амидолла аға.
Амидолла Тұрдыбекұлы Ауғанстанда дүниеге келген. Арғы аталары 1918 жылдары Қызылорда обылысына қарасты Қармақшы ауданынан қызылдардың қысымы кезінде Өзбекстан арқылы Ауғанстанның Мазари-Шариф жағына өтіп кетеді. Кейін Кейін Иранға қоныс аударады. Кәсіпкердің өзі біраз уақыт Түркияда тұрған. Мұстафа Өзтүрікті сол кезде көрген.
Мұстафа Өзтүрік 1995 жылы 15 наурызда, Мұстафа Өзтүрік Алматы қаласында жұмбақ жағдайда қайтыс болды. Оның денесі туыстарының шешімімен Ыстамбұлдағы Гүнешлі ауданындағы қазақтар көп тұратын зиратқа, әкесінің қасына жерленді.
Әкесі – Әбдірахман Төлебайұлы (түрікше аты – Кабен) Түркиядағы қазақтар арасында ең сыйлы тұлғалардың бірі болған, ал нағашы атасы Қайысбай Иісұлы – Баркөл мен Мори өңірлерінде аты шыққан әйгілі балуан.
Мұстафаның өліміне қатысты ресми деректер мен оның айналасындағы күмәнді болжамдар әлі күнге дейін қоғамда талқыланып келеді.
Ресми нұсқа жүрек талмасы делінеді. Ресми медициналық қорытынды бойынша, Мұстафа Өзтүрік жүрек талмасынан (инфаркт) қайтыс болған.
Басында айтып өткеніміздей, 1995 жылдың наурыз айында Алматыда өтіп жатқан кикбоксингтен жарысты тамашалап отырған сәтінде өзін жайсыз сезініп, ауруханаға түседі.
Дәрігерлердің жасаған еміне қарамастан, 1995 жылғы 15 наурызда Алматыдағы ауруханалардың бірінде көз жұмады.
Өз аманаты бойынша, оның сүйегі Түркияға жеткізіліп, Ыстамбұлдың Зәйтүнбұрын (Zeytinburnu) ауданындағы зиратқа жерленді.
Бейресми нұсқа: Улану күдігі
Мұстафа Өзтүріктің өлімі тым кенеттен болғандықтан, оның жақындары, шәкірттері мен жанкүйерлері арасында «оны біреулер әдейі улап өлтірді» деген күдік кең таралған. Бұл болжамның туындауына мынадай себептер әсер етті:
Кенеттен сырқаттану: Ол өмірінде спортпен белсенді айналысқан, денсаулығы өте мықты, ешқандай созылмалы ауруы жоқ адам болған. Оның бірден жүрегі сыр беруі көпшілікке күмәнді көрінді.
Тілшілер мен жақындарының естеліктері: Онымен соңғы күндері бірге болған достары мен шәкірттері жарыс кезінде немесе оның алдындағы кездесулерде ішілген тамақ пен сусыннан (кейбір деректерде кофеден) улануы мүмкін дегенді алға тартады.
Саяси және қоғамдық белсенділігі: Мұстафа Өзтүрік Түркия мен Еуропада жүрсе де, жүрегі «қазақ» деп соққан, тәуелсіздіктен кейін елге келіп, қазақ жастарын отансүйгіштікке баулыған, беделі өте жоғары тұлға еді. Оның бұл танымалдылығы мен ұлтшылдық рухы белгілі бір саяси күштерге немесе қылмыстық топтарға ұнамауы мүмкін деген болжамдар жасалды.
Улану туралы қауесеттер мен естеліктер көп болғанымен, бұл нұсқа ресми түрде дәлелденген жоқ. Сот-медициналық сараптаманың нақты қорытындысы мен заңды құжаттарда өлім себебі ретінде жүректің тоқтауы көрсетілген.



