
Ақмола облысында Астана – Қорғалжын тас жолында болған ауыр жол апатынан бес адам көз жұмды.
Қайғылы оқиға 21 маусым күні түстен кейін тіркелген.
Ақмола облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, тас жолда Kia, Toyota Fortuner және Toyota Land Cruiser көліктері соқтығысқан. Қатты соққыдан кейін екі Toyota көлігі өртеніп кеткен.
Алдын ала дерек бойынша, апат салдарынан бес адам қаза тауып, тағы бес адам түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілген.
Жол апаты туралы алғашқы ақпарат Instagram желісіндегі 716.kz парақшасында жарияланды. Онда бірнеше көліктің соқтығысып, салдарынан адамдар қаза тауып, жарақат алғаны айтылған.
Қазір аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Мамандар жол апатының нақты себебі мен барлық мән-жайын анықтап жатыр.



