Олжас Бектенов жанар-жағармай тапшылығына жол бермеу үшін шекарадағы бақылауды күшейтуді тапсырды

Премьер-министр Олжас Бектенов мұнай өнімдері нарығындағы ахуалға арналған кеңес өткізіп, елде жанар-жағармай қоры жеткілікті екенін мәлімдеді.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, Қазақстанның мұнай өңдеу зауыттары штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Бензин, дизель және авиациялық отын қоры 1 миллион тоннадан асады, бұл ішкі сұранысты толық қамтамасыз етуге жеткілікті. Қазіргі уақытта жанар-жағармай тапшылығы тіркелмеген.
Кеңесте мұнай өнімдерін заңсыз сыртқа шығарудың алдын алу мәселесіне ерекше назар аударылды. Қазір автомобиль көлігімен мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін, ал теміржол арқылы жеңіл дистилляттарды экспорттауға тыйым салынған. Сондай-ақ бір автокөліктің мемлекеттік шекараны тәулігіне бір реттен артық кесіп өтуіне шектеу енгізілген.
Кеңес қорытындысы бойынша Премьер-министр шекарадағы бақылауды күшейтуді, мұнай өнімдерін заңсыз тасымалдау схемаларын анықтап, жолын кесуді сондай-ақ, өндіріс, қор және тұтыну көлеміне тұрақты мониторинг жүргізіп, қажет болған жағдайда жедел шаралар қабылдауды тапсырды.
Сондай-ақ ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің, ҰҚК төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры Ерлан Алдажұмановтың және Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Қайрат Бижановтың баяндамалары тыңдалды.



