Сұқбат

«Қоғамды инклюзияға дайындағым келеді»: ерекше қызметкерлер жұмыс істейтін инклюзивті наубайхананың жетекшісі

Оның бұл қадамға баруына осыдан 7 жыл бұрын отбасында аутизммен дүниеге келген ұлы себеп болған.

«Tiek» ютуб арнасының кезекті шығарылымы эфирге жол тартты. Шығарылымның кейіпкері – ерекше жандардың өмірін өзгерту мақсатында дәрігерліктен әлеуметтік кәсіпкерлікке ауысқан наубайшы Айгүл Ешматова.

Айгүл Ешматова  — мамандығы бойынша дәрігер. Алайда бүгінде ол — ерекше қызметкерлер жұмыс істейтін «Тата» инклюзивті наубайханасының жетекшісі. Оның бұл қадамға баруына осыдан 7 жыл бұрын отбасында аутизммен дүниеге келген ұлы себеп болған.

Айтуынша, қоғамның ерекше адамдарды қабылдауға мүлдем дайын еместігіне көзі жеткен соң, ол бастаманы өз қолына алуды ұйғарады. Осылайша, бүгінде аутизм спектрі бұзылған (АСБ) ересек жастар жұмыс істеп, тағылымдамадан өтетін «Тата» инклюзивті наубайханасы (сүйікті күтушісінің құрметіне аталған) ашылады. Наубайхана ешқандай грантсыз және мемлекеттің көмегінсіз ашылған.

«Ол кезде аутизм туралы өте аз білетінмін, ал мұндай баласы бар отбасылардың қандай қиындықтарға тап болатынынан мүлдем бейхабар едім. Өмір мені осы мәселеге бетпе-бет әкелгенде ғана бәрін түсіндім. Бірақ мен табиғатымнан белсенді, бизнесте тәжірибесі бар адам болғандықтан, бұны кезекті үлкен міндет ретінде қабылдадым. «Мен жасамасам, кім жасайды?» деген ой келді. Кем дегенде, өз мысалыммен қоғамға жол көрсеткім келді», -дейді кәсіпкер.

Медицина саласында білім алу ұзақ әрі күрделі болғандықтан, ерекше жандарды жұмыспен қамту үшін қоғамдық тамақтану саласы, соның ішінде кондитерлік цех ашу ең тиімді шешім болып көрінген. Наубайхананың «Тата» деп аталуының да өзіндік сыры бар — ол жетекшінің баласының апайына (нянясына) арнап қойылған.

Кәсіпкердің басты ұстанымы — инклюзивті кәсіпорын тек қайырымдылыққа иек артпай, қаржылық тұрғыдан тұрақты және табысты болуы керек.

«Тек жақсы ниетпен, құр энтузиазммен алысқа бара алмайсың. Бір-екі жыл шыдарсың, бірақ бізге өсу, ауқымды кеңейту қажет. Біз бұл бизнестің табыс әкелетінін өзгелерге дәлелдеп, үлгі болуымыз керек. Шынымды айтсам, мен ана ретінде ұлым өмір сүретін қоғамды инклюзияға дайындағым келеді. Қазір елімізде инклюзия 99%-ға жоқ деуге болады, бірақ біз — миллениалдар буынымыз. Бізде тәжірибе де, мүмкіндік те, жігер де бар. Осы қатып қалған қате парадигманы бұзуымыз керек.

Ерекше баласы бар ата-аналарға айтарым: бауырларының болашағы үшін үлкен балаларыңызға жауапкершілік артып, олардың өмірін шектемеңіздер. Бұл — біздің, ата-ананың жауапкершілігі. Қазақстанда туыстық қарым-қатынас, жанашырлық жақсы дамыған, бұл бізге жеңілдік береді. Бірақ менің қалауым — бұл балалардың қоғамға, мемлекетке соншалықты интеграциялануы, оларға ешкімге жүк болмайтындай қауіпсіз, тәуелсіз болашақ сыйлау», — дейді ол.

Басында айтып өткеніміздей, наубайхана ешқандай грантсыз және мемлекеттің көмегінсіз ашылған. Бұл кәсіпті ашуға мемлекеттен немесе ірі кәсіпорындардан ешқандай грант, жеңілдік немесе қаржылай көмек болмаған. Жоба толығымен жеке қаражатқа құрылған. Сондай-ақ, қарапайым халықтың қолдауы ерекше болған.

«Қарапайым адамдардың эмпатиясы өте жоғары. Біреуі келіп «мен электрикпін, көмек керек пе?» десе, тағы бірі тегін маңдайша (вывеска) жасап берді, тағы бірі картиналар сыйлады. Қоғам жақсылыққа серік болуға дайын, тек оларға бағыт сілтейтін мысалдар аз. Біз сондай үлгі болғымыз келеді», -дейді кәсіпкер.

Қазір мұнда 6 ерекше қызметкер (үшеуі түске дейін, үшеуі түстен кейін) стажировкадан өтіп жатыр.

Толық нұсқасын Tiek YouTube арнасынан тамашалай аласыздар.

 

 

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button